Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде бірқатар азаматтар салықтан, қылмыстық жауапкершіліктен және әскери қызметтен босатылмақ

Мәжіліс депутаттары Қазақстан үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: nalog.gov.ru

Сыртқы істер вице-министрі Ақан Рахметуллиннің айтуынша, хаттама Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі хатшылығының Қазақстан аумағында болу шарттарын жақсартуға, Хатшылық қызметкерлерінің артықшылығы мен әлеуетін кеңейтуге бағытталған.

“Артықшылықтар мен иммунитеттер Хатшылықтың барлық қызметкеріне персонал санатына және азаматтығына қарамастан беріледі. Хатшылық персоналының мүшелері, Қазақстан азаматтары, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерге салық салудан босатылады. Сондай-ақ хатшылыққа өз қызметін жүзеге асыру үшін қорлар мен басқа да қаржы тетіктерін құру, қызметкерлері үшін зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандырудың жеке жүйелерін құру құқығы беріледі. Бұдан бөлек Хатшылықта қызмет ететін Қазақстан азаматтарын қабылдаушы тараптың мемлекеттік міндеттерінен босатуға қатысты өзгерістер енгізіледі”, – делінген хабарламада. 

Депутат Айдос Сарымның айтуынша, хаттамада Хатшылықта жұмыс істейтін азаматтарымызды бірқатар мемлекеттік баж салығынан босату қарастырылған.

“Бас хатшының өтініші бойынша сыртқы істер министрлігі атынан үкімет уақытша кейінге қалдыруды береді және Хатшылықтағы қызметтік міндеттеріне байланысты мемлекеттік баж салығын төлеуден толық босатуды бекіте алады. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындады. Қазақстан азаматтары үшін әскери қызметтен басқа мемлекеттік баждарға не кіреді? Неліктен Қорғаныс министрлігі өкілдік ететін уәкілетті орган емес, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі әскери қызметтен босатылады? Мұндай жеңілдік неге байланысты қарастырылған?" – деді депутат.

Ақан Рахметуллиннің сөзінше, халықаралық ұйымдардың хатшылығында жұмыс істейтін азаматтардың қабылдаушы елге емес, сол ұйымға жұмыс істеуі үйреншікті жағдай. 

"Міндеттерге келсек, бұған әскери қызметтен бөлек, жұмылдыру қызметі, төтенше жағдайларды жоюға қатысу кіреді. Одан босатуға келсек, сыртқы істер министрлігі үкімет пен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес арасындағы дәнекер ғана. Егер сыртқы істер министрлігінен өтініш түссе, бұл мәселе үкімет аясында талқыланады", – деді вице-министр.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақсылықова хатшылық қызметкерлері ретінде берген немесе жазғандары үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершіліктен босату сияқты жеңілдіктер мен иммунитеттер қарастырылғанын айтты.

"Бұл барлық халықаралық қызметкерлер үшін халықаралық тәжірибе", – деді ол. 

Талқылау