Елімізде әрбір медициналық жолдамаға электрондық цифрлық қолтаңба қою міндеттелмек

Желіде енді әрбір жолдамаға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қою міндеттелетіні туралы ақпарат тарады. Бұл талап 1 ақпаннан бастап күшіне енетіні де айтылған. Десе де Денсаулық сақтау министрлігі талаптың жаңа ереже емесін, 2021 жылдан бері қолданыста екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1 ақпаннан бастап әрбір жолдамаға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қою міндеттелетінін желі қолданушысы Threads желісінде жазды.
“Қазақстандағы мемлекеттік емханаларда тағы бір “реформа” медицина қызметкерлерінің жүйкесін сынағалы тұр. Енді әрбір жолдамаға міндетті түрде электрондық цифрлық қолтаңба қою қажет. Бұл талап 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. Мәселен, дәрігер пациентті аортокоронарлық шунттау операциясына дайындап жатыр делік. Мұндай жағдайда дайындық тізімінде кемінде 19 түрлі талдау мен аспаптық зерттеу бар. Әрбір талдау мен тексеруге жеке-жеке жолдама рәсімделеді. Ал жаңа талап бойынша, солардың әрқайсысына электрондық цифрлық қолтаңба қойылуы керек. Бір пациентке бар болғаны 15 минут қабылдау уақыты берілетінін ескерсек, бұл талаптың іс жүзінде қалай орындалатыны қызық”, – деп жазды желі қолданушысы.
Скрин: Threads
Аталған жағдайға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді. Министрдің мәліметінше, бұл талап биыл енген жаңалық емес екенін, ведомствоның нормативтік-құқықтық актілерінде 2021 жылдан бастап бекітілген.
“Электрондық медициналық құжаттаманы жүргізу кезінде электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолдану талабы медициналық жазбалардың шынайылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл норма дәрігер енгізген мәліметтердің дәлдігін растауға, пациент пен медицина қызметкерін қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көрсетілген мемлекеттік медициналық қызметтің нақты орындалғанын дәлелдеуге және жалған тіркеу тәуекелдерінің алдын алуға жағдай жасайды”, – деді министр.
Сондай-ақ министр медицина қызметкерінің жүктемесін азайту үшін цифрлық қолтаңбаны жеңілдетілген форматта енгізуді жоспарлап отыр.
“Алайда қазір қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңбаны растау тетігі әрбір әрекеттен кейін қайта-қайта қол қоюды талап етеді. Бұл өз кезегінде медицина қызметкерлерінің жұмысын қиындатып, уақытын көп алады. Осыған байланысты министрлік электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану механизмін оңай ету жұмысын жүргізіп жатыр. Дәрігердің жүктемесі жоғары екенін ескеріп, электрондық цифрлық қолтаңбаны барынша жеңілдетілген форматта енгізу жоспарда бар. Демек, болашақта медицина қызметкері бір рет басу арқылы, артық әрекеттер мен қосымша операцияларсыз барлық қажет медициналық жазбаларға қол қоя алады”, – деді министр.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба қою міндеті 2026 жылы 1 ақпаннан бастап бірден енгізілмейтінін мәлімдеді. Бұл талап жеңілдетілген әрі ыңғайлы алгоритм толық іске асырылғаннан кейін кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілмек.
Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр