Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет бір жолақпен екі бағытта жүруге болатын қозғалыс пайда болады

Көлік министрлігі Ақмола облысында елімізде алғаш рет үш жолақты реверсивті (қайтымды жолақта) қозғалыс қарастырылған жол салынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Көкшетау-Зеренді тасжолындағы орташа жөндеу жұмыстарын тексерді. Аталған жол бойында елімізде алғаш рет реверсивті қозғалыс жолағы салынады. 

Министрліктің мәліметінше, жоба аясында жолдың ені 7 метрден 11 метрге дейін кеңейеді. Ал жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, үш жолақты қозғалыс жүйесі іске қосылады. Оның бір жолағы реверсивті болады. Бұл жолдың өткізу қабілетін арттырып, жол-көлік оқиғаларын алдын алуға мүмкіндік бермек.

Вице-министр әсіресе жазғы маусымда қозғалыс қарқыны артқан кезде туристер мен жергілікті тұрғындар үшін бұл жол ыңғайлы әрі қауіпсіз болатынын алға тартты. 

"Жазғы уақытта Зеренді курорттық аймағына баратын көлік саны артатыны сөзсіз. Жөндеу жұмыстары 47 шақырымды қамтиды. Қазір жоба аясындағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жүріп жатыр", – деді Мақсат Қалиақпаров.



Зеренді курорттық аймағы – еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Мұнда жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден мыңдаған турист келіп демалады.

Министрлік 2025 жылы ауқымды орташа жөндеу бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жол жаңартылатынын жеткізді. Бұл жұмыстар ең алдымен туристік әлеуеті жоғары өңірлерге бағытталған екен. Атап айтқанда, Рахманов қайнары, Алакөл, Қайыңды мен Көлсай көлдері, Баянауыл, Кендірлі, Қорғалжын қорығы және Имантау-Шалқар курорттық аймағына баратын жолдар жөндеуден өтеді.

Талқылау