Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Елімізде 2,7 миллиард долларға 17 су қоймасы салынады

Фото: ortcom.kz

Үкімет сағатында су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде 2,7 миллиард долларға 17 су қоймасы салынатынын айтты. Ведомство басшысының мәлімдеуінше, Ислам даму банкінің Директорлар кеңесі несие мен грант бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жобаны екі кезеңмен іске асыру жоспарланған.

“Несие қаражаты есебінен 2025 жылы еліміздің өңірлерінде төрт су қоймасының құрылысы басталады. Атап айтқанда, оңтүстік өңірлерде орналасқан Ақмола, Қалғұты және Қараөзек су қоймалары жаңадан айналымға енгізілетін 22,5 мың гектар суармалы жердің вегетациялық кезеңіндегі су тапшылығын өтеуге бағытталады”, – деді министр. 

Төртінші су қоймасы Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен өзенінде салынады. Нұржігітовтің айтуынша, ол тасқын және еріген суларды жинауға, сондай-ақ Қазталов ауданындағы екі елдімекенді су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ бірінші кезең шеңберінде Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоңыз су қоймаларын және Түркістан облысындағы Қосқорған мен Көксарай контрреттеуішін реконструкциялау көзделген.

“Бұған қоса, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағында жалпы ұзындығы 3452 шақырым болатын 115 ирригациялық каналды цифрландыру элементтерімен жаңғырту жоспарланып отыр”, – дейді ведомство басшысы.

Жобалар тізбесіне Түркістан облысындағы "Тұран су" және Алматы облысындағы "Алматыоблсушар" коммуналдық шаруашылық нысандарына арналған жұмыстар да енгізілген.

2027 жылға жоспарланған несиені іске асырудың екінші кезеңі аясында 25 жоба іске асырылады. Бұл жобалар 13 су қоймасын салу және 11 су қойманы реконструкциялауды қамтиды.

Сонымен қатар 10 облыста (Алматы, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Түркістан) орналасқан 5 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту көзделген.

Осы жұмыстар нәтижесінде, министрдің сөзінше, су инфрақұрылымының жалпы жағдайы айтарлықтай жақсарады. Бұдан бөлек, 200 мыңнан астам халқы бар 134 ауылдық елді мекенде су басу қаупі едәуір төмендейді деп болжанып отыр.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 11:58
Талқылау