Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елена Рыбакина маусымдағы алғашқы жарысында жеңіліп қалды

теннисФото:WTA

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үшін 2026 жылғы маусым сәтсіз нотада басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлемдік рейтингтің үздік бестігіне енген теннисші Аустралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирде жарысты ерте аяқтады. 

Ол ширек финалда чехиялық Каролина Муховамен қарсы кортқа шығып, күтпеген жеңіліске ұшырады.
Матч алдында басымдық Рыбакинаға берілгенімен, ойын тағдыры үш сетте шешілді. Алғашқы партияда қазақстандық теннисші 2:6 есебімен ұтылса, екінші сетте қарымта қайтарып, 6:2 нәтижесін тіркеді.

Дегенмен шешуші сетте Мухова басым түсіп, ойынды 6:4 есебімен аяқтады. Айта кетейік, Каролина Мухова қазіргі таңда әлемдік рейтингте 20-орында тұр.

Осылайша Рыбакина турнирдің ширек финалына дейін жеткені үшін 37 640 АҚШ доллары көлемінде сыйақы (шамамен 19 миллион теңге) мен рейтингке қосылатын 108 ұпай алды.

Ал жартылай финалға жолдама алған Каролина Мухова 77 115 доллар (шамамен 39 миллион теңге) және 195 рейтингтік ұпай еншіледі.

Брисбендегі беделді жарыс 11 қаңтар күні мәресіне жетеді. Турнир жеңімпазы 214 530 АҚШ доллары көлеміндегі жүлде мен 500 рейтингтік ұпайға ие болады.

Ақерке Өмірхан
Сенбі, 10 Қаңтар, 2026 00:18