Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Сметовтың анасы: Елдос күрескенде далаға шығып кетемін

Бүгінде төрткүл дүниенің назары Бразилия төрінде өтіп жатқан төртжылдықтың басты бәсекесі жазғы олимпиада ойындарында екені айтпаса да белгілі. Әлемнің кіл мықтылары бас қосқан аламанның бірінші күнінде-ақ, дзюдошы Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салып, алты алашты дүр сілкіндірді.

сметов1

Татами төрінде жасындай жарқылдаған тараздық тарланға жанкүйер болып, тақым қыспаған қазақ жоқ шығар. Осы тұста, ең алдымен Елдостың бірінші жанкүйерлері ата-анасы мен туған туыстары екенін де айта кету керек. Осыған орай, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовтың үйіне арнайы ат басын бұрып, құттықтап, әкесі Бақтыбай мен анасы Тоқтагүлдің жеңістен кейінгі әсерлерімен бөліскен едік.

сметов

– Ел мақтанышына айналған батыр ұлдарыңыздың жарқын жеңісі құтты болсын! Әңгімемізді Олимпиаданың ақтық сынында алған әсерден бастасақ. Финалдық кездесу соңғы минуттарға дейін тартысты, әрі шиеленісті түрде өтті. Осы кезде толқыған көңілді қалай бастыңыздар?

Әкесі, Бақтыбай:

– Рахмет! Елдосқа жанкүйер болған барша қазақстандықтарға алғысымыз шексіз. Баласы атқа шапса, ата-анасы үйде отырып тақым қысар қазақпыз. Біз де басқалар сияқты жанкүйер болдық. Әр кездесуін тапжылмай отырып тамашаладық. Әсіресе, ақтық сында ресейлік балуанмен белдескен сәттегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Соңғы сәттерге дейін теледидардың алдында тым-тырыс отырдық. Финалдық кездесуде тең түсіп, қосымша уақыт белгілегенде тіптен қоярға орын таппай, тыпыршып қалдым. Елдос ұтылып, басын ұстап жатқанда да үнсіз қалдық. Кішкене уақыттан кейін ғана үлкен ұлым Жандос шапалақ ұрып, «күміс» деп айқайлағанда барып есімізді жинадық. Елдостың ылғи бірінші орын алып жүргеніне әбден үйреніп алыппыз. (Күліп). Әрине, кез келген спортшы Олимпиада шыңын бағындыруды армандайды ғой. Ұлымның бұл жеңісі де сол шыңнан кем емес деп ойлаймын.

Анасы, Тоқтагүл:

– Елдос ұлым барлық жанкүйерлерінің үмітін ақтап, ел намысын абыроймен қорғап шыққанына шын қуандым. Жалпы, Елдос күрескенде мен далаға шығып кетем. Оны басынан аяқ қарап отыруға ана жүрегі шыдасын ба?! Қай жарыста болмасын, ол кілемге шықса, мен сыртқа шығып, тілеуін тілеп отырамын. Сосын, біраз уақыт өтіп, «жеңді!» деген дауысты естігеннен кейін ғана үйге жүгіріп кірем. Кешегі жарыстағы әсер мүлде бөлек. Ол кезде де далаға шығып кеттім, бір айналып келіп терезеден қарасам, әлі күресіп жатыр екен. Тағы да кетіп қалдым. Келесі келгенімде балам басын ұстап кілемде жатыр. Ұлым Жандостың секіріп қуанғанынан кейін ғана қуаныштан жылап жібердім. Бірақ, теледидарға қарасам Елдостың ынжырғасы түсіп, көңілі босап тұр екен. Сосын, бірден Елдосқа «Ұлым, қуаныштан жүрегіміз жарылып, біздің төбеміз көкке жетіп жатыр. Керемет! Сен біздің мақтанышымызсың. Ешқандай уайымдама!» – деп, хат жолдадым. Артынша күліп тұрған суреттерімен жауап жазды.

– Елдостың өзі ешқандай өкініш жоқ дегенімен, оның сол кездегі көз жасынан бір «әттеген-айды» көру қиын емес еді. Ресей балуанында кеткен есесі ұлыңызға қаншалықты қиын соғады деп ойлайсыз?

Әкесі:

– Әрине, «әттеген-ай» деген болды. Ол спорт болған соң қалыпты жағдай. Татамиде ол үнемі жеңетін деп айта алмаймын, әрине. Төреші оынң қолын жоғары көтерген сәттерімен бірге жекпе жек алаңынан қарсыласының жеңісіне куә болып қайтқан кездері де аз емес. Тіпті, бұрын қатарынан жеңілген кездері де болған. Бірақ, мойымады. Керісінше, қателігін түзеуге тырысып, аянбай еңбек етті. Шыдамдылыққа үйренді. Ал, енді ресейлік балуанда кеткен есесіне келсек, ол керісінше оған жеңіске деген ынта сыйлайды деп ойлаймын.

Анасы:

– Жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой. Қай кез екені есімде жоқ, бір жарысқа барып, ертесіне телефон шалды. Жеңілген бе, әлде ағайынан сөз естіген болу керек, көңіл-күйі жоқ. Оның алдында да бір-екі жарыста жолы болмай жүрді. «Мама, мен қазір киімдерімді тастап, бәріне қол сілтеп үйге қайтайын ба?» – деді. Сосын мен: «Ұлым, олай болмайды. Қандай дүние болмасын, оңайшылықпен келмейді. Бұлай болды екен деп, бәріне қол сілтей берсең, сенен ештеңе шықпайды. Олай істеме! Екеумізге демалуға болмайды. Мына жақтан мен демалсам, арғы жақта сен демалсаң, сонда кім жетістікке жетеді?» – деп, әкесі екеуміз екі жақтан демеу бердік. Келесі күні келіп қалар ма екен деп ойладық. Жоқ, келмеді! Шыдады. Одан кейін, бұндай сөз айтқан емес. Өмір болған соң, бәрі де болады ғой. Бұл жеңілістен де сабақ алады деп ойлаймын.

– Елдостың Олимпиададан кейінгі жоспарлары қандай?

«Бразилиядан елге оралғаннан кейін ауылға барып, үш-төрт ай демаламын деді. Әрине, олардың демалысының өзі күнделікті жаттығумен өтеді ғой. Үйге келсе де, кешкісін жаттығу залына барып, бір мезгіл жаттығып келеді. Қалай дегенмен де, күнделікті күштің жұмсалуы, кезек-кезек өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындары, көптеген жарыстар спортшыны психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да шаршатады. Бірақ, ұлыма сенемін! Олимпиаданың алтынын түбі мойнына тағады ол»,-дейді әкесі.

сметов2

– Бала Елдос қандай еді? Спорттан бөлек, ән айтатын, аспаптарда ойнайтын өнерін де көз көріп жүр. Басқа қандай өнері бар?

Әкесі:

«Ол кішкентайынан ширақ болатын. Ауылдан қалаға көшіп келгенде үйіміздің қасында спорт мектебі болды. Біз жұмысқа кеткенде, екі ағасына еріп, үшеуі сол мектепке барыпты. Спорттың біраз түріне де қатысқан. Ең алғаш күрестің әліппесін үйреткен Ахмет Жұмағұлов ағайымен де сол жерде танысқан. Баланы көзінен танитын бапкер Елдостың тыным таппайтынына қызықты ма екен, оны сол жердегі балалармен күрестіріп, артынан дзюдо спортының киімін ұстатып, «ертең кел» деп жіберіпті. Кешкісін үйге келсек, «мына киімді ағайым берді, осыны анаңа қысқартып тіктір де, ертең жаттығуға кешікпей кел деді» – дейді. Біз де оған қуанып, ертеңіне өзім ертіп барып, ағайымен таныстым. Ол кезде шамамен 5-6 жаста болу керек. Міне, содан бері тынымсыз еңбектеніп келеді. Кішкентай кезінде салмағы өте жеңіл болды. Жарысқа қатысу үшін шақпақтың қорабының ішіне қорғасын салып, белдігіне тігіп, ішінен киіп алып жарысқа барған кездері болған.(Күліп)

Алтыншы сыныпта болса керек, Астанадағы спорт мектебінде оқып жүрген. Баламның қал-жағдайын білмек болып, мектебіне бардым. Мен барғанда оқушылар мерекелік концерт қойып, өнерлерін көрсетіп жатыр екен. Сол шарада Елдостың ән айтқанын алғаш рет көрдім. Екі ағасы да спортпен айналысты. Кейіннен Бақберген деген ағасы өнер саласына ауысып, «Мерей» тобында ән де айтты. Аспаптың кез келген түрінде ойнайды. Жалпы, отбасымыз спорт пен әнге жақын.

Кішкентай кезінде мінезі өте ашық болды. Үйдің кенжесі болғаннан соң ба, жасқану дегенді білмейтін. Кімнің болса да іші-бауырына кіріп, тез тіл табысып алатын. Бауырмашыл, әрі әзілге жақын болып өсті. Айналасындағы адамдарды қуантуға асығып тұрады әрқашанда. Мысалы, жарыстарын аяқтап, үйге келе жатқанда, ертең барамын деп телефон шалады. Біз отбасымызбен мәре-сәре болып, ертең Елдос келеді деп дайындалып жүргенде, сол күні ешкімге айтпай үйге кіріп келетін. Жақын адамдарына солай үнемі қуаныш сыйлауға тырысып жүреді.

Бізде қыз жоқ. Үшеуі де ұл. Елдос дүниеге келетін кезде қыз болса екен деп армандайтынмын. Кейіннен ұлым маған «мама, мен дүниеге келгенде қыз болмады деп маған өкпелеп қалған шығарсыз» деп күлетін. Аллаға шүкір, үшеуі де ер жетті. Елдосым ел таныған азамат болды. Үйдің кенжесі болғанымен, елінің мақтанышы атанды»,-дейді спортшының анасы

– Елдос жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында көбірек болады. Тіпті, шет ел асып, сол жақта дайындықтарын пысықтайды. Жалпы, туған жерде, ауылда қаншалықты жиі болады?

«Ия, дұрыс айтасыз. Жаттығу мен жарыстан қолы босамайды. Бапкерлері рұқсатын беріп жібергенде немесе басқа мемлекеттен жарыстан келгенде үйге келеді. Бірақ, ары кетсе он күн. Елдос келгенде төрт көзіміз түгелденіп, мәз-мейрам болып қаламыз. Не дегенмен ауылды сағынады ғой»,-дейді әкесі.

«Үйге жиі келе бермейді. Бірақ, Елдос келгенде міндетті түрде жылқының еті, қазы-қартасы мен қымызы дайын тұрады. Шет мемлекеттерге шыққанда қазысын, етін, сорпасын, бауырсағын міндетті түрде салып жібереміз. Басқа елдерге жарысқа кетерде тіпті, қазысын қатырып, сорпасын бөтелкеге құйып, оны да мұзбен қатырып, сыртын суық жібермейтін қағазбен орап алып кететін. Қазының дәмін татқан жапондықтар, африкалықтар «бұл қандай шұжық» деп, сұрап жейді екен»,-дейді күліп Елдостың анасы

– Ел арасында алуан түрлі пікірлер болады. Мәселен, соңғы уақытта Елдос сақал қойыпты, дінге қатты жақын болып кетті деген пікірлер айтыла бастады. Осы туралы не айта аласыз?

 

«Ия, бұндай әңгімелерді біз де естіп жүрміз. Елдос тоғыз жылдан бері бес уақыт намаз оқиды. Сақал өсіргенде тұрған ештеңе жоқ шығар. Алайда, қандай да бір жат ағымға кіріп кетіпті, дұрыс емес жолда екен деген пікірлер қате деп ойлаймын. Мұсылман болған соң, намаз оқу парыз. Ол керісінше, тәртіпке үйретеді емес пе?! Ал, енді Елдос сақалды намаз оқығаны үшін немесе басқа үшін өсірмейді. Кейде алып тастайды. Ұзақ уақыт жаттығуда жүргенде өсіп кетеді. Сол себепті теріс ойлау дұрыс емес деп ойлаймын. Өткен жылы анасы екеуі қажылыққа барып қайтты. Биыл, анасы екеуміз бардық. Қазіргі кезде бұрынғыға қарағанда мешітке баратын жастардың саны көбейді. Бұл дегеніміз, жастардың бойында иман, тәртіп, сабырлылық пайда болды деген сөз. Бұдан жаман болмайды деп ойлаймын»,-дейді спортшының әкесі.

– Азияда ойындарының, Азияның, Әлемнің чемпионы, енді міне, Олимпиада ойындарының күміс жүлде иегері атанды. Жалпы, чемпионның ата-анасы болған қалай?

Әкесі:

– Әрине, өз ұлың бәсі жоғары аламандарда топ жарып жатса, бізге одан артық бақыт жоқ қой. Менің бар байлығым осы ұлдарым мен немерелерім. Енді, Елдосым да ағаларына еріп келін түсірсе, одан басқа тілегім жоқ.

– Алтындай уақыттарыңызды қиып, қуаныштарыңызды бөліскендеріңізге рақмет айтамыз. Жеңіс құтты болсын!

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

«Жамбыл спорты»

 

Талқылау