Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елді мекенге жақындап келеді": Баянауылда алапат өрт шықты (видео)

Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркінде алапат өрт шықты. Желіде куәгерлер өрттің видеосын таратуда. Белгілі болғандай, оқиға орнына облыс әкімі Болат Бақауов аттанған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Желіде тараған видеолардың бірінде өрттің көлемі сұмдық адам шошытарлық екені жазылған. Сондай-ақ, қызыл жалынның елді мекенге жақындап келе жатқаны айтылады. Жазбада жергілікті тұрғындардың өртті өз күшімен сөндіруге тырысып жатқанына екі тәулік болғаны, алайда желдің салдарынан, әрекеттерінен түк шықпағаны атап өтілген. Көмек керек, делінеді жазбада. 

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 22 қыркүйекте күндізгі уақытта шыққан. Орманды алқапта шөп пен орман өртеніп, аумағы шамамен 2,5 гектарды құраған. 

Өртті сөндіруге 100-ге жуық адам және 10 техникаа жұмылдырылды. Сондай-ақ, өртпен күресу үшін Павлодардан қосымша арнайы техника жіберілген. 

«22 қыркүйектің кешінде Өскеменнен «ҚазӘуеОрманкүзеті» республикалық кәсіпорнынан Ми-8 тікұшағы ұшып жетті. Ол таңғы сағат 7-ден ұшуды бастады. Сонымен қатар 23 қыркүйекте өңірге Ми—26 тікұшағы жетеді деп күтілуде», - дейді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер. 

 

Сонымен қатар оқиға орнына өңір басшысы Болат Бақауов аттанған. Ол 22 қыркүйекте өртті сөндіру бойынша штаб құрыпты. 

Әкімдіктегілер өрт туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға хабарланды.

Сонымен қатар өртті сөндіру мақсатында Павлодардан өртке қарсы қосымша 4 техника жіберілген.

Талқылау