Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдегі мұнай өнімдерінің қоры 30 күннен аса уақытқа жетеді

мұнай
Фото: magnific.com

“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді. Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың айтуынша, жөндеу жұмыстары елімізді бензин және дизель отынымен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Асхат Хасеновтың айтуынша, зауыттағы жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр.

“Жөндеу басталғанға дейін қажет жанармай қоры алдын ала жиналады. Қазір қолдағы қор жеткілікті. Бензин қоры 30 күннен астам уақытқа жетеді. Дизель отыны бойынша да жағдай дәл осындай. Елдегі негізгі мұнай өнімдерінің түрі бойынша қор жеткілікті. Жөндеу жұмыстарына шығу жоспары алдын ала әзірленеді. Бұл өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына байланысты. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытының өзінде де өңірге жеткізіліп жатқан жеткілікті қор қалыптасқан”, – деді Асхат Хасенов.

Оған қоса Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытының Қазақстанды жанармаймен қамтамасыз етудегі үлесі қандай екенін айтты.

“Өздеріңіз білесіздер, елімізде үш мұнай өңдеу зауыты бар. Оның үштен бірі Атырау зауытының үлесі. Қазір ешқандай іркіліс жоқ. Үш зауыт та қалыпты жұмыс істеп тұр. Өңдеу көлемдері де шамалас. Сондықтан оның үлесі шамамен үштен бір”, – деді Хасенов. 

Журналистер сондай-ақ Қазақстанның ішкі нарығындағы жанармайдың көрші елдерге ағылып кету қаупі бар-жоғын сұрады. Асхат Хасенов министрліктің негізгі міндеті мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысын және мұнай өнімдерінің үздіксіз өндірісін қамтамасыз ету екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауы жеделдегені туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 11:18