"Елде жемқорлық өршігенін айтқан": Марқұм Шерзат Полатқа рэп арнаған блогер айыппұл арқалады (видео)
Талдықорғандық блогер Кәрім Асылбеков марқұм Шерзат Полатқа рэп арнағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ол рэп мәтінінде Қазақстанда жемқорлық өршігенін, шындықты айтқандар қудалауға түскенін айтқан. Осы үшін полиция "балағат сөз айтты" деген айып тағып отыр екен.
Талдықорғандық Кәрім Асылбековтің үстінен полиция Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "ұсақ бұзақылық" бабымен хаттама толтырыпты. Ақпаратты блогердің өзі Instagram парақшасында мәлімдеді. Ол "айыппұл салынатыны өкінішті" дейді.
Блогер рэпті Жетісу облыстық әкімдігі алдындағы алаңда тұрып айтқан. Ол рэпті әлеуметтік желіге 13 желтоқсанда жариялаған. Алайда қазір Instagram парақшасындағы жазбаны өшіріп тастады.
"Тректі сараптамаға жіберді. Шынымен ішінен балағат сөз тапса, айыппұл төлеуім керек. Маған шамамен 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты. Бұл 18-25 мың теңгенің айналасында. Өкінішті, тек қолдау ниетім болған”, – деді ол.
Оның айтуынша, сот шешімі әлі шықпаған. Құқық қорғау органы қызметкерлері оны осымен екінші рет шақырып отыр екен.
"Бірінші жолы, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында полицияға шақырып, "түсіндіру" жұмысын жүргізді. 16 желтоқсан – бізде, Қазақстанда мереке. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшкен. Тректерім жалған ақпарат пен түсініксіз пікірлер көбейген кезде шығып отырғандықтан түсіндіру жұмысын жүргізді", – деді блогер.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жетісу облыстық полиция департаментінен пікір сұрады.
“Әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында Талдықорған тұрғынының парақшасында жарияланған видео бойынша ұсақ бұзақылық фактісі анықталды. Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция қоғамдық орындарда балағат сөздерді қолдануға болмайтынын еске салды.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң 10 желтоқсанда Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.