Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 мың доллар": Экс вице-министр Қиясов әріптесін пара бермек болды деп айыптаған

Жетісу облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының бұрынғы директоры Асхат Манкеев басшылығына пара бермек болды деген айыппен екі айға тергеу изоляторына қамалған. Туыстары, қорғаушылары мұнымен келіспей, Астанада бейбіт митингіге шықты. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 


Асхат Манкеев істі болмай тұрып Жетісу облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының директоры қызметін атқарған. Биыл наурыздың 28-інде ол Астанадағы cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерімен ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.

"Барлық бәле Ерлан Қиясов Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығына басшы болып келгеннен басталды. Сол сәттен ол ұлыма шүйлігіп, селекторлық жиындарда үнемі орнын босатуын талап етіп, жұмыстан кет деп қоймаған. Енді міне, аяғы осылай болып отыр. Балама нақақтан нақақ жала жабылды. Істің мазмұны бойынша, ұлым бастығына 5 мың доллар пара бермек болыпты. Бірақ балам өзінің танысына 1 миллион теңге қарыз берген, ол берешегін қайтарып алды. 5 мың доллар пара бермек болды деген бар болғаны жала, бұл жерде Қиясовтың анық қысым көрсетіп жатқаны көрініп тұр", – дейді айыпталушының әкесі Мұрат Қадірбекұлы.

Манкеевтың жаламен істі болып отырғанына наразы туыстары Алматыдан арнайы келіп, Астанада бейбіт митингке шықты. Айтуларынша, Асхаттың төрт баласы бар, оның біреуі кембағал. Сондықтан сот отырысы болмай тұрып, оны үйқамаққа жіберуін талап етуде.

"Тергеу органдары Манкеевке қатысты нақты дәлелдері болмағандықтан, одан кінәні мойындауды талап еткен. Егер мойындамаса, қамап тастаймыз деп қорқытқан. Сондай-ақ тергеушілер Асхат Манкеев бұрын екі рет сотталған деп сот актісіне жазып, қамауға алған. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Менің қорғауымдағы азамат мемлекеттік қызметке теңестірілген лауазымда болған. Егер ол бұрын істі болса, бұл қызметке орналаса алмас еді", – дейді Манкеевтің қорғаушысы Динара Жұбатова. 

Сот тарапы, расымен Манкеевтің бұрын істі болмағанын растап, тергеуші қателесті деп жауап берген. Бірақ Асхаттың туыстары кепілпұл төлеп, үйқамаққа шығаруын өтінгенімен, еш жауап болмаған. 

Қателескен тергеушілеріне қатысты қандай да бір шара қолданыла ма, жоқ па нақтыламақ болып, Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігіне хабарластық, жауапты кейін береміз деді. Бірақ тергеушінің тарапынан қателік болып, дәлелденсе әлбетте тексеріс болатынын мәлімдеді. 

Асхатты үйқамаққа жіберуін талап етіп, Астана ортасында бейбіт жиын ұйымдастырған туыстары әділеттен күдер үзер емес.  

Талқылау