Экс-депутат Төлеутай Рақымбековтің қызы әкесін сотта жеңіп шықты
Астаналық Айбота Рақымбекова “Ауыл” партиясы төрағасының бірінші орынбасары, экс-депутат және президенттікке кандидат болған әкесі Төлеутай Рақымбековті сотта жеңіп шықты. Өгей әкесінің оған жала жауып, ар-намысына тиетін сөздер жариялағаны дәлелденді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айбота Рақымбекова оны әкесі Төлеутай Рақымбеков зорлағанын желіде айтып, әділдікті талап еткен еді. Айтуынша, бала күнінде әкесі оны екі рет зорлап, кейін анасынан қалған мұраның бір бөлігін заңсыз тартып алған. Өзіне тиесілі мүлкінен айырылған ол 1,5 жасар баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрады.
Кейін экс-депутат бұл мәлімдемеге жауап беріп, қызын есірткіге тәуелді, патологиялық өтірікші деген еді. Алайда Айбота мұны жала деп “жеке басын қорлау” бойынша шағым түсірген.
22 қаңтарда сот Төлеутай Рақымбековтің сөзін жалған деп танып Айботаның пайдасына шешім шығарды.
“Еліміздің сот жүйесі ақыры менің ісімді объективті қарап, әділ шешімін шығарды! Қазір “Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуі жүріп жатыр. Яғни әкем мені алдап, мұрамнан айырғаны үшін сотқа берген едім. Бұған дейін Төлеутай Рақымбеков мені өтірікші, нашақор деп айыптаған. Бұл жалған ақпарат менің атыма кір келтіріп қана қоймай, басқалардың алдында абыройымды түсірді. Әділ шешім шығарып, шындықты ести алғаны үшін сотқа алғысымды білдіремін. Бұл шешім мен үшін жай ғана жеңіс емес – бұл әділдік барын еске түсіріп, сенімді қайта жаққан күн”, – деді жәбірленуші.
Еске салсақ, бұған дейін экс-депутат Төлеутай Рақымбековтың қызы әкесі бала күнінде зорлағанын айтып, әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін жаздық.