Экс-депутат Нұржан Әлтаев саяси күштердің басын қосып, оппозициялық одақ құрмақ
Қазақстандағы оппозиция бас біріктіріп, билікке қарсы жүйелі күшке айналуы мүмкін. Мұндай идеяны оппозицияда жүрген 19 азаматтың аты-жөнін атаған экс-депутат Нұржан Әлтаев ұсынып отыр. Үйлестіру кеңесін құрып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешеміз деген ол, тіпті, керек болса халықпен бірге митингіге де шығамыз дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Білгенін жасайтын биліктен қорықпаймын деген экс-депутат Нұржан Әлтаев шетелдегі Қажыгелдиннен бастап, "Оян, Қазақстан!" деп жүрген Әсем Жәпішеваға дейінгі билікке наразы азаматтарды бірігуге шақырды. Сөйтіп, оппозицияның жүйелі қарсылықтарын бастамақ. Алайда биліктің кейбір қарсыластары Әлтаевтың бұл әрекетін пиар санайды.
"Оппозицияны біріктіру туралы идея келген кезде бірінші кеңесі керек, сол салада жүрген адамдармен кеңесіп барып шешім қабылдау керек. Ал егер олармен кеңеспей шешім қабылдаса, оның стратегиялықтан гөрі жарнамалық пиары көп деуге болады. Оппозиция баяғыда бірігіп қойды ғой. Егер сіз интернетті ғаламторды қарасаңыз, мүдде үшін бірігіп қойған бәрі", - деді "Экологиялық альянс" төрағасы Азаматхан Әміртай.
Белсенділер биліктен топ етіп төмен түскендерден күдіктенетін сыңайлы. Сондықтан Әлтаевты бірі - қолдаса, ал енді бірі - оппозицияда тәжірибесі аз дейді.
"Биліктің кезекті бір жобасы шығар. Мүмкін ол жігіт тұтқиылдан түс көріп, оң жақ аяғымен тұрып, осы оппозицияны мен біріктірмесем кім біріктіреді деп ойлаған шығар. Қалай болғанда да оппозицияға келу, оны біріктіру ол оңай шаруа емес", - дейді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.
Әзірге Әлтаевты 19 адамның ішінде Ермұрат Бапи мен Тоғжан Қожалиева қолдап отыр. Жақтастар бас қосып, елді елеңдеткен мәселелерді 1-2 айда бір талқыламақ. Тіркелмеген партия төрағасы "жалғыздың үні шықпайды, сондықтан өзгелермен біріккен дұрыс" дейді.
"Үлкен өзгеріс керек. Ал ол өзгерістерді көзіміз жетіп отыр тек билікке жеткенде ғана жасауға болады. Қазіргі "Нұр Отан" партиясы мен қазіргі үкіметпен де ешқандай өзгеріс жасау мүмкін емес", - деді "Ел тірегі" партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев.
Еске салайық, бұған дейін "Nur Otan-ның" бұрынғы мүшесі Нұржан Әлтаев Қазақстанда оппозициялық үкімет құратынын мәлімдеген еді.