"Ойланбай қабылдаған алғашқы шешім емес": Блогер өскемендіктердің уақыт белдеуіне қатысты жанайқайын жеткізді
Ел арасында Алексей Қайықбаев деген атпен танымал блогер уақыт белдеуін қайта қалпына келтіру керек екенін айтты. Ол Өскемен тұрғындарының наразылығы орынды екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алексей Лодочников Қазақстанда уақыт белдеуінің ауысуына байланысты өскемендіктердің жаңашылдыққа қарсы болғанын еске салды. Айтуынша, Шығыс қазақстандықтардың наразылығы өте орынды.
“Өскемен халқы мұндай өзгерістің дұрыс емес екенін, мұнда онсыз да күн тез бататынын айтты. “Уақыт белдеуі ауысса қыс мезгілінде сағат 15:00-16:00-де қараңғы батады” деп шыр-пыр болды. Қазір мен Өскемен қаласындамын. Қала тұрғындарының айтқан сөздеріне көзім жетті. Қазір сағат тілі 18:15-ті көрсетіп тұр. Бірақ қазірдің өзінде ымырт түсті. Камерамен қараңғы түскенін дұрыс көрсете алмаймын. Қазан айында ерте қараңғы батса, қыста, қараша, желтоқсанда не болмақ”, – дейді блогер.
Ол уақыт белдеуін ауыстыру мәселесін міндетті түрде қайта қарау керегін айтты.
“Бір рет жаңашылдық енгіздік, дұрыс болмапты, екінші рет қайта қарауға болмайды” деген сөз жоқ. Бір рет тәуекелге барған екенбіз, екінші рет те тәуекел етейік. Осылайша уақытты бұрынғыға қайтарайық. Өскемен тұрғындарының не себепті шыр-пыр болғанын енді түсіндім”, – дейді Алексей.
Блогер билік басындағыларға үндеу жасап, бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрады.
“Құрметті депутаттар, министрлік пен үкімет! Мәселені қайта қарап шығып, дұрыс шешім қабылдаңыздар! Бұл “халықтың игілігі үшін” деп өзгертілген, ойланбай қабылдаған алғашқы шешім емес. Жазда сағат 02:00-де таң атады. Бұл жергілікті халық үшін өте ыңғайсыз”, – деп жазды ол.
Желі қолданушылары блогердің сөзін қос қолдап қолдады.
“Бұл мәселені айту керек. Уақыт ауысып еді электр қуатының шығыны да өсті”, “Жазда сағат 03:00-де оянамыз, өйткені таң атады”, “Иә, уақытты кері қайтарғанда тұрған ештеңе жоқ. Астананы да бірнеше рет өзгерттік”, “Екі сағатқа алға жылжыту керек. Әйтпесе сағат 17:30-да қараңғы батады”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.