Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екінші рет өмірге келдім": Қазақстандық әйел 1 жыл бойы қатерлі ісікпен күресіп, жеңіп шыққан

Астаналық Алма Абитхан 1 жыл бұрын қатерлі ісікке шалдығып, осыдан бір апта бұрын өзінің дерттен айыққанын естіген. Ол қуанышты хабарды әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Алма Абитхан сырқатынан қалай айыққанын, қандай ем-шара қабылдағанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: Алма Абитханның жеке дерекқорынан

Алма Абитхан жатыр мойыны ісі диагнозын алғаш рет 2024 жылдың қаңтар айында естіпті. Алғаш естігенде қайда барарымды, не істерімді білмей, ес-түссіз күйде болдым дейді. 

Не істерімді, қайда барарымды білмедім

"Ауыр дертке шалдыққанымды гинекологиялық ота жасалған соң білдім. Гинеколог тез арада анализ алып, бір аптадан кейін қорытындысын шығарды. Қатерлі ісік болуы мүмкін екенін айтты. Бастапқыда шок күйде болдым. Не істерімді, қайда барарымды білмедім. Дәрігер жеке клиникаға онкогинекологқа жіберді. Маманға қант диабеті барын айттым. Ол “қалған өміріңізге риза болып өмір сүрмейсіз бе” деді. Бұл сөз көңіліме тиіп, сыртқа шығып кеттім. Біраз жүрген соң, бауырларыма хабарласып, бар жағдайды баяндадым. Олар қолдау білдіріп, “тағы бір тексеріп көрейік, мүмкін қателескен шығар” деді. Онкологияға барып, тағы анализ тапсырдым. 2 аптадан кейін жауабы келді. Қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде екенінімді сонда білдім", – дейді ол. 

Алма Абитхан мұны сынақ деп қабылдап, бір апта үйде болып, әрі қарай не істеу керегін ойландым дейді. 

"Шетелде ем алуды ұйымдастыратын компанияға хабарласым едім олар емделуге Корея мен Түркияны ұсынды. Корея елін таңдадым. Өйткені олардың жабдықтары жаңа, емі жақсы дегенді естігенмін. Кореяға барғанымда да қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде екенімді растады. SCH Университеттік ауруханасында тексеріліп, операция жасап, биопсия қарап, тағы үш апта анализдерді күту керегін айтты. Қорытындысы шыққан соң метастазды жою үшін үлкен ота жасау қажет, деді. Осыдан кейін бір отадан өттім. 3 айдан соң тағы бардым. Жалпы үш операция жасап, биопсияға өткен соң, үлкен операцияға дайындалыңыз деді. Елге қайтып, өзімді пихологиялық тұрғыда әзірледім", – дейді ол. 

Метастаз – бұл қатерлі ісіктің бастапқы орнынан басқа органдарға немесе тіндерге таралуы.

“Корея сізді еркелетіп жатыр” деді

Алма Абитхан Астанаға келген соң тіркеуден өту үшін онкологияға барғанын, дегенмен ондағылар, метастаз басталмай жатып ісікті кесіп алып тастауды ұсынғанын жеткізді. 

"Онкологиялық орталыққа барғанымда маман, Корея сізді еркелетіп жатыр, одан да метастаз басталмай кесіп алып тастаңыз. “Сізді тіркемейміз қазақ және орыс тілінде жазба жоқ. Бәрі корей және ағылшын тілінде, оны қарамаймыз” деді. “Операциядан соң келіңіз, мүмкін сосын диагноз қоямыз” деп айтты. Биыл қаңтар айында төртінші операцияға дайындалып бардым.

Дегенмен дәрігерім ота болмайды деді. Қорқып қалғаным сол еді бір уақытта “қатерлі ісікті жеңдіңіз” деп айтты. Сол сәтте, үнсіз отырып қалдым. Дәрігер “ертегідегідей таңғалып тұрмыз” деп орнынан тұрып, басын иді. Дәлізге шығып қуанғанымнан қатты айғайладым. Ауруханадағылар мені көріп, құшақтап, бірге жылады", – дейді Алма Абитхан. 

Сондай-ақ Алма Абитхан ем қабылдау кезінде өзін не шабыттандырғанын айтты. 

“Ауруханада эндокринология бөлімінде ем қабылдадым. Дәрігерлер анализімді алып, диабеттен жазылып кете алатынымды айтты. Әзірге инсулин қабылдап жүрмін. Үш айдан кейін одан шығып, жәйлап емделемін. Кореяда адамдарға жанашырлықпен, түсінікпен қарап, жаныңда көмектесіп жүреді. Көңілге қарап сөйлейтін. Мұндай кезде бұл өте маңызды", – дейді ол. 

Екінші рет өмірге келдім

Бұнымен қоса Алма Абитхан қатерлі ісікті жеңу үшін қандай қадамдар жасағанын айтты. 

"Дәрігерлер 1 жыл өзімді күтіп, витаминдер қабылдап, спортпен айналысуды тапсырды. Бастысы Құдайға сендім. Ішкен дәрі-дәрмек, асымды адал етіп, емін бере көр деп сұрадым. Ауырған кезде тұрып, жүре алмай қалатын сәттер болады. Сол кезде Құдайдан көмек сұрадым. Бәріне сабырмен қарадым. Соның арқасында екінші рет өмірге келдім. Оның үстіне бауырларым көмек көрсетті. Дәрігерлер де, тамақ жегенде махаббатпен жеңіз, сол кезде витаминдер де келеді, деніңіз де сау болады деп айтты. Оның үстіне жеміс-жидек, көкөністі көп жедім", - дейді ол. 

Әйел ендігі кезекте өзін қалпына келтіріп, қалыпты өміріне қайта оралуға дайындалып жүргенін жеткізді. 

"Біраз күш жинап, витаминдер қабылдаймын. Өзімді қалыпқа келтіруім керек. Бір жыл бұрын жүзу, күніне 10-15 мың қадам жасап, көп жүретінмін. Бір жыл бойы жүру біраз қиын болды. Дәрігерлер қан кетпеуі керек, көп жүріп, өзіңізге салмақ салмаңыз деді. Енді әуелі 3-4 мың қадамнан бастаймын. Сосын қайта жүзуге барамын. Осы дертпен күресіп жүргендер “ең бастысы ауру емеспін, әзірге демалыстамын, сау адаммын, қабылдап жатқан емнің бәрі күш-қуат береді” деп айтуы керек. Егер солай ойласа күш-қуаты артып, жақсарып кетеді", – дейді Алма Абитхан.  

Талқылау