Екібастұздағы балабақшада тәрбиешінің баланы ұрып-соққаны видеоға түсіп қалды
Екібастұздағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланың бетін көрпемен жауып, оны ұрып-соққан видеосы пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Желідегі жазбада бұл оқиғаның "Сәби сити” балабақшасында болғаны айтылған.
Екібастұз қаласының білім бөлімі видеоға қатысты жауап берді.
"Оқиға жекеменшік балабақшада болған. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады”, – делінген білім бөлімінің хабарламасында.
Ақтөбе облысындағы балабақшада балаларға таратылған ботқадан құрт шықты (видео)
Сонымен қатар видеоның астына баланың аяусыз соққыға жығылғаны туралы пікірлер жазылған.
"1,8 жастағы баланың миы шайқалып, басынан гематомалар алғаны туралы тексеріс қорытындысы бар”, – делінген пікірлердің бірінде.
Енді бірінде бұл видео толық емес екенін, бұдан да қатты соққылар жасалғаны жазылды.
“Видеодағы менің жиенім. Ол екі жасқа да толмаған. Болған оқиғаның жартысы ғана видеоға түсіп қалған. Бұдан да сорақысы болған. Бала ұйықтағысы келмегені үшін осылай жасаған. Басқа біреудің баласын бұлай қорлауға қандай құқығы бар? Бала психологиялық түрде де ауыр соққы алды”, – делінген пікірлерде.
Павлодар облысының полиция департаменті аталған оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Бұл дерек Екібастұз қаласының полиция бөлімінде тіркелді. Полицейлер бұл видеоға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді полиция басқармасы.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында балабақшада тәрбиешінің көзінше бүлдіршінді қатарласы ұрып-соққан.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
