Екібастұзда Төтенше жағдай басқармасының бастығы 7,4 миллион теңге пара алған
Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дәулет Куконев пен оның қол астындағы қызметкері сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Дәулет Куконев/gov.kz
31 наурызда Екібастұз қалалық соты төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дәулет Куконевке, оның орынбасары Ж.Маймановқа және кәсіпкер Б.Жұмашевке қатысты үкім шығарды.
“Куконев пен Майманов Жұмашевтен өзінің кәсіпорнымен мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет көрсету шарттарын жасасқаны үшін жалпы сомасы 7,4 миллион теңге көлемінде бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды”, – деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Сот үкімімен Куконев 7 жыл 6 айға, Майманов пен Жұмашев әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқара алмайды.
Дәулет Куконев "азаматтық қорғаныс полковнигі", Майманов "азаматтық қорғаныс майоры" арнайы атағынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін 500 миллион теңге жымқырған Түркістан облысында білім бөлімінің бұрынғы басшысы 7 жылға сотталған еді.