Екібастұз әкімі Instagram-нан өзіне қатысты ЖИ-мен жасалған әзілді көріп, дүкенге барды

Фото: brand365.ekb парақшасынан
Екібастұзда әкім өзінің бейнесін жасанды интеллект арқылы жарнамаға қолданған киім дүкеніне барды. Ол креативті жарнама жасаған жергілікті жеке кәсіпкерді қолдайтынын жеткізіп, киім алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жергілікті киім дүкені әзіл ретінде қала әкімі Аян Бейсекин олардың дүкеніне сауда жасауға келгендей етіп көрсетілген бейнеролик жариялады. Видеода нейрожелі арқылы жасалған сурет қолданылған. Видео бір аптада 700 мыңнан астам қаралым жинады.
Бұл видео астына Аян Бейсекин өзі де пікір қалдырған.
"Сәлеметсіз бе! Күрте алуға бару керек екен", – деп жазды әкім.
Әкім кейін шынымен дүкенге барған.
"Дүкенге бардым, иесі Тұрарбекпен және оның креативті командасымен әңгімелестім. Әрине, ештеңе алмай кетпедім, тегін емес. Біз әрқашан өз қаламыздағы дамып келе жатқан жас кәсіпкерлерді қолдауға қуаныштымыз", – деп жазды Бейсекин өзінің Instagram парақшасында.
-
5 кеңесшісі мен 8 көмекшісі бар: Тоқаевқа ел басқаруға кімдер көмектеседі
-
“Сөзіміз бен ісіміз сәйкес келмейді”: Ринат Зайытов әріптестерін сынап тастады
Әкім сондай-ақ әзіл-шыны аралас жарнамалық материалдар мен басқа маркетинг құралдары заңға қарсы келмесе, қолдануға болатынын ескертті.
"Өкінішке қарай, кейде заманауи технологиялар алаяқтық схемалар жасау үшін пайдаланылады. Сондықтан жарнама берушілер де, тұтынушылар да сақ болу керек", – деп қосты ол.