Екібастұз Қазақстандағы моноқалалар тізімінен шығып қалды

Ұлттық экономика министрлігі Екібастұз Қазақстандағы моноқалалар тізімінен шығарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік моноқалалардың дамуын 78 көрсеткіш бойынша кешенді түрде талдаған. Атап айтқанда, өнеркәсіп, инвестиция, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және экономиканың тұрақтылығы бағаланған.
Зерттеу қорытындысы бойынша Екібастұздың бір ғана қалақұраушы кәсіпорынға тәуелділігі тұрақты түрде азайып келе жатқаны анықталған. Қала экономикасы теңгерімді бола түсіп, салалық құрылымы әртараптанған.
Сондай-ақ өнеркәсіп өндірісінің өскені және инвестициялық белсенділіктің жоғары екені атап өтілді. Бұл факторлар қаланың моноқала моделінен шығуына мүмкіндік берген.
Жүргізілген өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанда моноқалалар саны 20-дан 19-ға қысқарды.
Қазір моноқалалар қатарына Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау қалалары кіреді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы кейбір моноқалаларда бос қалған көшелер, жабылған зауыттар мен қаңырап тұрған үйлер жиі кездеседі. Бір кездері өндірістік орталық болған бұл елді мекендерге мыңдаған жұмысшы мен маман тартылған еді. Алайда уақыт өте келе қалақұраушы кәсіпорындар құлдырап, тұрғындар жақсы өмір іздеп жаппай көше бастады.
- 2026 жылғы әлемнің үздік қалалары анықталды: Тізімде топ-50 қала бар
- Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына енді
Еске салайық, бұған дейін Екібастұз ГРЭС-2-ні жаңғырту кезінде шамамен 1 млрд теңге жымқырылды деген іс бойынша сот аяқталды. Айыпталушыларға жалған жұмыстар арқылы қаражатты шығару, “біркүндік” фирмалар арқылы ақша жымқыру айыбы тағылған. Сот шешімімен үш айыпталушы қылмыс құрамы болмағандықтан толық ақталды. Ал негізгі фигурант Ш алаяқтық бойынша кінәлі деп танылғанымен, ескіру мерзіміне байланысты жауапкершіліктен босатылды. Іс 2012–2014 жылдардағы оқиғаларға қатысты болып, сот процесі 8 айдан астам уақытқа созылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған