Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі күннен кейін Ауғанстанда қайтадан интернет қосылды

ауғанстанға интернет берілді

Фото: Ауғанстан қоршаған ортаны қорғау агенттігі

Ауғанстанда екі күннен кейін интернет пен телекоммуникация қызметтері қалпына келді. Ауғандар бұл сәтті тойлап, көшеге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

48 сағат интернеттің болмауынан елде бизнес пен рейстер тоқтады, төтенше жағдайлар қызметтеріне қолжетімділік шектелді. Сәрсенбі кешке жүздеген ауған интернет қайта қосылғанына қуанып, ел астанасы Кабулдың көшелеріне шықты.

"Барлығы ұялы телефондарын ұстап, туыстарымен сөйлесіп жатыр. Әйелдерден бастап ерлерге және тәліптерге дейін қызметтер қалпына келтірілгеннен кейін әрқайсысы телефонмен сөйлесті. Қазір қалада адам көп", – деді тұрғын.

Талибан үкіметі интернеттің сөнуіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Алайда өткен айда Талибан губернаторының Солтүстік Балх провинциясындағы өкілі интернетке кіру "азғындықтың алдын алу үшін" бұғатталып жатқанын айтты. Сондай-ақ бұл "ауған халқына елеулі зиян келтіру, соның ішінде экономиканың тұрақтылығына қауіп төндіруі және әлемдегі ең нашар гуманитарлық дағдарыстардың бірін ушықтыру" қаупі бар деп қосылды.

Тұрғындар интернет сөнген кезде Кабулдың орталығында айтарлықтай тыныштық орнағанын, банктер жабылып, сауда орталықтарының бос тұрғанын айтты.

Ақша айырбастау нарығында барлық халықаралық аударым тоқтатылды. 

"Бұл – кішігірім өлім. Даму жоқ, сөз бостандығы жоқ, балаңыздың болашағына деген сенімділік пен оқуының жемісін көретініне үміт жоқ", – деді Ауғанстандағы кәсіпкер.

2021 жылы Ауғанстаннан қашып кеткен және қазір Ұлыбританияда білім алып жатқан 24 жастағы Мах сонда қалған отбасымен сөйлескенде көзіне жас алғанын айтты.

"Анаммен сөйлескенде жыладым, қуандым. Тым болмаса мен оның дауысын естимін. Ауғанстанда әрі қарай не болатынын білмейміз, өйткені ештеңе бақылауда емес", – деді ол.

Еске салсақ, тәліптер Ауғанстанда интернетті толықтай өшірген еді. Сондай-ақ Талибан жетекшісі "азғындыққа жол бермеу үшін" Wi-Fi-ды қолдануға тыйым салған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 10:22
Талқылау