Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты

Фото: Stan.kz

Екі күнде Қазақстанда ұшақтар қатарынан үш төтенше жағдайда қонды. FlyArystan рейсі бес сағатқа кешігіп, Air Astana екі рет мәжбүрлі түрде қонуға тура келді. Азаматтық авиация саласының эксперті Абыл Кекілбаев бұл жағдайларды қыс мезгіліндегі ауа райы, техникалық тексерулер және ұшақ жүйелерінің күрделілігімен байланыстырады. Дегенмен Stan.kz тілшісі сарапшыға хабарласып, мұндай төтенше қонулар авиация үшін қаншалықты қалыпты екенін сұрап білді.

"Бәрі міндетті түрде жұмыс істеуі керек емес"

Екі күнде Қазақстанның әуе кеңістігі үш төтенше оқиғаға куә болды. Әуелі, 17 желтоқсанда Астана-Алматы бағыты бойынша ұшуға тиіс FlyArystan FS 7058 рейсі бес сағатқа кешігіп, жолаушылар дүрбелеңге түсті. Борттағы видео әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Себебі ұшқыш "бәрі міндетті түрде жұмыс істеуі керек емес" деп мәлімдеп, жолаушылардың наразылығын одан әрі күшейтті. Қосалқы қуат қондырғысының ақауына байланысты рейс кешігіп, жолаушыларға ыстық тамақ беріліп, билет ақысын қайтару немесе басқа рейске ауысу ұсынылды. FS 7058 ақыры келесі күні таңғы 04:21-де ұшты.

Дәл сол күні таңертең Алматы-Астана бағытындағы Air Astana рейсі төтенше жағдайда жерге қонды. Airbus A320neo ұшағы салонда түтін шығуына байланысты апаттық сигнал беріп, жолаушылар мен экипаж зардап шеккен жоқ. Көлік министрлігі оқиғаның мән-жайын әлі тергеп жатыр.

Келесі күні, 18 желтоқсанда Алматы-Бангкок бағыты бойынша ұшқан Air Astana ұшағы сол жақ қозғалтқыштағы ақауға байланысты Делиде мәжбүрлі түрде қонуға тура келді. 138 жолаушы бар ұшақта тарсыл естіліп, салонда түтін шықты. Жолаушылар қауіпсіздігі басты назарда ұсталып, олар қонақүйге орналастырылып, әрі қарайғы рейске резервтік борт әзірленді. Осылайша, Air Astana ұшағымен қатарынан екінші төтенше жағдай тіркелді.

Осындай қатарынан болған үш оқиға әуе сапасының сенімділігі мен техникалық қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды қайта көтерді. Жолаушылардың алаңдаушылығы мен әуе компанияларының шұғыл әрекеті бұл мәселелердің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. 

Бұған байланысты Азаматтық авиация саласының эксперті Абыл Кекілбаев тілшіге FlyArystan ұшқышының әрекетін түсіндіріп, пилот еш қауіпті нәрсе айтпағанына сенімді екенін айтты. Оның пікірінше, қоғам авиациялық жүйенің қалай жұмыс істейтінін білмегендіктен эмоционалды реакция көрсеткен.

"Мүмкін, командир жай ғана түсінікті тілде айтып, мұндай реакцияны күтпеген. Егер шынымен ауыр мәселе болса, ол оны жария түрде айтпас еді. Бұл әуедегі қалыпты жағдай болғандықтан, оны контекстен шығарып, әуекомпания мен басқару өзгерістері аясында күрделендіріп жіберді. Кейде жолаушылар ақпарат аз болса да, кейде тым көп болса да ренжиді. Осы жағдайда экипаж ашықтығынан зардап шекті. Олар жағдайды түсіндіргісі келді, бірақ әркім әрқалай қабылдады", – деді Абыл Кекілбаев.

 Фото: depositphotos.com

"Алаңдауға себеп жоқ"

Мұндай жағдайлар авиацияда үнемі болып тұрады және көбіне қыс мезгілінде, ауа райының өзгеруіне байланысты туындайды дейді сарапшы. Сонымен бірге әр ұшудан бұрын ұшақ техникасының бірнеше кезеңнен тексерілетінін атап өтті.

"Алаңдауға себеп жоқ. Авиацияда әуе кемесінің командирінің шешімі талқыланбайды. Егер техникалық ақау туындаса және командир қауіпсіз ұшуды қамтамасыз ете алмайтынын түсінсе, кері қайтуды шешуі дұрыс шешім болып саналады. Мұндай жағдайлар авиацияның күнделікті тәжірибесіне кіреді. Жолда немесе теміржолда бірдеңе болып жатса, оны ешкім байқамайды, ал авиациялық оқиға, әсіресе халықаралық алаңда, бірден БАҚ-та жарияланады", – дейді Абыл Кекілбаев.

Сонымен қатар сарапшы Абыл Кекілбаев рейстердегі кешігулер мен ыңғайсыздықтардың заңмен реттелетінін жеткізді. 

"Қазіргі төтенше қону жағдайлары рейстер санының артуы, қыс мезгілі және ауа райымен байланысты. Егер бір жолаушы ұшудан бас тартса, барлық жолаушылар қайтадан тексеруден өтеді, бұл да уақытты алады. Кейбір жолаушылар жалғасатын рейстерге уақытында жете алмайды немесе қосымша шығындарға ұшырайды. Дегенмен бұл мәселелер заңмен реттелген. Байланысқа шығу, тамақтану, қонақүйге орналастыру қарастырылған. Ережелер бұзылған жағдайда тексеріліп, айыппұл салынады. Техникалық себептер де мүмкін, себебі ұшақтар күрделі техника екенін ұмытпаған жөн. Мұндай жағдайда әрқашан жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады", – деп толықтырды Абыл Кекілбаев.

Интернет пен ақпараттық арналар арқылы оқиғалар тез таралып, көпшілікке көрініс береді, бірақ нақты себептері жан-жақты тексеруден кейін анықталады.

"Әуе апаттары мен оқиғалардың нақты себептері жан-жақты зерттеледі. Сондықтан ресми емес ақпаратқа сенбей, тек ресми жарияланған деректерге сүйенген жөн", – дейді сарапшы.

"Ұшақтардың ақаусыз жұмысы істеуі үшін бір адам ғана жауап бермейді"

Азаматтық авиация саласының эксперті қауіпсіздік жүйесі мен ұшақтардың ақаусыз жұмысы үшін бір адамның жауап бермейтінін айтады. Оның сөзінше, ұшу қауіпсіздігі күрделі жүйеден тұрады және кез келген ақау немесе қате бір ғана адамға тәуелді емес.

"Ұшу қауіпсіздігі жүйесі бірнеше деңгейден тұрады. Бірде-бір адам, тіпті пилот немесе инженер де тәуекел тудыра алмайды. Егер командир бір нәрсені байқамаса, оны жердегі инженер анықтай алады. Әуекомпанияда инженерлік құрам, ұшу қауіпсіздігі инспекторлары және авиациялық әкімшілік қызметкерлері жұмыс істейді. Ақаулық көбінесе салғырттық емес, техниканың ерекшелігімен байланысты", – дейді Абыл Кекілбаев.

Сонымен қатар эксперт Қазақстандағы әуе кемелерінің заманауи екенін, флотының жас мөлшері орташа және кейбір елдермен салыстырғанда едәуір жаңартылғанын атап өтті.

"Ұшақтар ескі немесе техникалық жағынан жарамсыз деп айту дұрыс емес. Қазіргі негізгі қиындықтар бөлшектер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді жеткізу екенін айтқым келеді. Мұндай мәселелер үнемі анықталып, шешіліп отырады", – дейді сарапшы.

инженерФото: depositphotos.com

Төтенше қонулар әуекомпанияларға үлкен шығын келтіреді – Эксперт

Азаматтық авиация саласының эксперті Абыл Кекілбаев төтенше қонулар авиакомпанияларға тек ерекше жағдайда ғана жасалатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекет қосымша шығын мен жолаушыларға өтемақы төлеуді қажет етеді. Сондықтан ешкім оны қызығушылық үшін жасамайды.

"Әуекомпаниялар ұшақтарды қайтаруға қызықпайды. Қосымша шығындар мен өтемақы төлеу керек болады. Егер рейсті тоқтату қажет болса, ол тек қауіпсіздік үшін жасалады. Авиацияда барлық ережелер қатаң жазылған. Ешкім оны қасақана бұзбайды. Сақтандыру механизмдері күрделі, төлемдері жоғары, сондықтан мұндай жағдай тиімді емес", – деді Абыл Кекілбаев.

Сонымен қатар эксперт рейстер жиі кешігетіні ұшақ жетіспеушілігімен байланысты екенін атап өтті.

"Қазір әуе кемелерінің шамамен 15-20%-ында жетіспеушілік байқалады. Әсіресе тұрақты рейстерді пайдаланатын жолаушыларға көрінеді. Алайда Қазақстандағы авиакомпаниялар қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салып, рейстердің қолжетімділігі мен тұрақтылығын жақсартуға тырысып жатыр", – деді ол.

Қазақстанда пайдаланылатын әуе кемелерінің саны жылдан жылға артып келеді. Әсіресе "Air Astana" және "SCAT" компаниялары шетелдік зауыттардан жаңа ұшақтар сатып алып, флотына қосты. Бұл елдегі авиация саласының дамуы мен жаңаруын көрсететін маңызды көрсеткіш.

"Қазақстандағы ұшақтардың орташа пайдалану мерзімі 7-10 жылдан аспайды. Олар техникалық жағынан жаңа, қауіпсіздік стандарттарына сай және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген", – дейді ол.

Кейінгі жылдары ұшақ бөлшектеріне сұраныс артқан. Техникалық жабдықтарға қажеттілік жоғары болуына байланысты кейбір бөлшектер жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселе авиакомпаниялар мен жеткізушілер арасындағы тұрақты қарым-қатынасты талап етеді.

"Қазақстандағы пайдаланудағы ұшақтардың негізгі бөлігі жаңартылып жатыр. Авиакомпаниялар жүйелі түрде өз флотының жаңаруын қамтамасыз етеді. Кейінгі 4 жылда елеулі жаңартулар жасалған", – дейді авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев.
STAN.KZ
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 20:22