Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі көлік аударылып қалды": Қазақстандық ер адам Ассы үстіртіне апаратын жол сапасына шағымданды

Ассы үстіртіФото: Эльжан Тусеевтің желідегі парақшасынан

Желіде Эльжан Тусеев Алматы облысындағы жолдардың жағдайына қатысты сын айтты. Оның айтуынша, соңғы күндері Ассы үстіртіне көтеріліп бара жатқанд жолдың сапасыз болуынан көлік аударылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғадан кейін тәжірибелі жүргізушілер мен мамандар "жол талғамайтын көлігі жоқтар және тәжірибесі аздар ол жаққа бармасын" деген кеңес берген.

"Бірнеше жыл бұрын бұл жолдың сапасы әлдеқайда жақсы еді. Ол кезде тіпті микроавтобустар мен алдыңғы жетекті жеңіл көліктер де қауіпсіз көтеріле алатын. Халық сол уақытты ұмытқан жоқ, сондықтан бара береді. Біз Ассыны көргіміз келеді. Онда тұрған не бар?! Бірақ қазір бұл сапарды тек жол талғамайтын көлігі бар тәжірибелі жүргізушілердің квестіне айналдырып жібердіңіздер", – деп жазды Тусеев.

Ол әлеуметтік желіде бір учаскенің 2022 және 2025 жылдары түсірілген фотосын жариялады. Дәл осы тұста көлік аударылған.

Суреттердегі айырмашылық анық көрінеді. Айтуынша, жолдың бұл бөлігі тік әрі терең ойықтарға толы, бірақ олардың бәрі фотода байқалмайды.

Бұған байланысты редакция Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан пікір сұрады. Ведомствоның мәліметінше, жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. 

"Облыстық маңызы бар КВ-64 "Түрген – Обсерватория" автомобиль жолының 25,4-41,4 шақырым аралығындағы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан, Асы үстіртіне апаратын учаскесіне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба аясында қолданыстағы топырақ жолын V техникалық санат талаптарына дейін жеткізе отырып  күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген", – деді көлік басқармасы.

Сонымен қатар жоба шеңберінде қар көшкінінен  қорғайтын құрылыстар салу, қар тосқыш экрандар орнату, су өткізу құбырларын және еңістеу жерлерде қоршау тосқауылдарын орнату қарастырылған дейді басқарма.

"Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамаға ұсынуға дайындау жұмыстары жүргізіліп, жер учаскелерін заңдастыру бойынша құжаттар рәсімделуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін бюджет қаражатын қарастыруға өтінім беріледі. Қажетті бюджет қаражаты бөлінген жағдайда күрделі жөндеу жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланған", – деп жауап берді Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 17:53
Талқылау