Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі ел шекарасы еріп кетті": Швейцария мен Италия мұздықтардың шөгуіне байланысты картаны қайта сызатын болды

Швейцария мен Италия екі ел арасындағы Альпідегі шекараның бір бөлігін ауыстыруға мәжбүр болды. Өйткені жаһандық климаттың өзгеруі мұздықтардың еруіне және осы учаскенің бойымен өтетін тау жоталарының пішінінің өзгеруіне әкеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: getty images

Өзгерістерден зардап шеккен аумақтың бір бөлігі ең әйгілі тау шаңғысы курорттарының бірі орналасқан, Еуропадағы ең биік шыңдардың бірі Маттерхорн тауының баурайлары арқылы өтеді.

Екі елдің шекарасы негізінен мұздық жоталарымен немесе ерімеген қар учаскелерімен анықталады. Алайда соңғы жылдары мұздықтардың көлемінің күрт төмендеуі табиғи шекаралардың ауысуына себеп болды. Енгізіліп жатқан өзгерістер бұрыннан орын алған нақты географиялық өзгерістерді көрсетеді.



Шекарадағы аударымдар туралы екіжақты келісімнің жобасын 2023 жылдың мамырында бірлескен швейцариялық-итальяндық жұмыс тобы дайындады. Швейцария 27 қыркүйекте шекараны өзгерту туралы келісімді ресми түрде мақұлдады. Алайда Италия мұны әлі жасамады. 

Өткен қыркүйекте жарияланған соңғы өлшемдерге сәйкес, Швейцарияның мұздықтары 2023 жылы өз көлемінің 4 пайызын жоғалтты. Ал  2022 жылы мұздық тағы бір жарым есе (6%) "кішірейді".

Швейцариялық мұздықтарды бақылау желісі (Glamos) 2022 жылдың рекордтық шығындарын сипаттайтын жыл сайынғы есебін жариялады. Швейцария тарапы 27 қыркүйекте шекараны қайта қарау екі елдің экономикалық мүдделеріне сай келетінін айтты. Өйткені бұл олардың кез келген табиғи аумақты ұстауға жауапты екенін шешуге көмектеседі.

Фото: getty images

Ғалымдар ғаламшар бұдан да қатты жылынса, жер бетіндегі мұздықтардың еруі үдейтінін ескертті.

2023 жылы Glamos кейбір швейцариялық мұздықтардың тез еріп жатқанын айтты. Мәліметке сәйкес, мұздықтар мұндай жылдамдықпен еруін жалғастыра берсе, оларды сақтап қалу екіталай болады. 

“Парниктік шығарындыларды азайтпасақ, үлкен мұздықтар (мысалы, Альпідегі Алец сияқты шекарадан алыс) бір ұрпақ ішінде толығымен жойылып кетуі мүмкін”, – делінген Glamos мәліметінде. 

Соңғы жылдары еріп жатқан Швейцария мұздықтарында көптеген жаңалықтар ашылды.

Фото: Swiss police 

2023 жылдың шілде айында Маттерхорн маңынан адым қалдықтары табылған еді. Оның 1986 жылы жоғалып кеткен неміс альпинисіне тиесілі екені расталды. Теодул мұздығының бойымен (Зерматт үстінде) серуендеген альпинистер мұздан шығып тұрған альпинистің аяқ киімі мен "тырнақтарын" байқаған.

2022 жылы Алец мұздығынан 1968 жылы апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтары табылды.

2014 жылы жүк тікұшағының ұшқышы мұздықта оғаш нүктені байқаған. Кейінірек осы жерден жоғалған британдық альпинист Джонатан Конвиллдің денесі табылған. 

Айта кетейік, бұған дейін Ғалымдар жердің табиғи күші Антрактидадағы мұздықтардың еруін тежей алатынын айтқан еді. Макгилл университетінің канадалық ғалымдары егер алдағы он жылда парниктік шығарындыларды азайтсақ Жердің табиғи күші теңіз деңгейінің көтерілуін төмендетуі мүмкін екенін анықтаған. 

Талқылау