Екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа шымкенттіктер сәйгүлік мінгізді

Екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновты шымкенттіктер арнайы құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық Азия инновациялық университетінде даңқты боксшыға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жиын барысында жерлестері Сәкен Бибосыновқа ерекше құрмет көрсетіп, иығына қазақтың ұлттық шапанын жапты. Сонымен қатар спортшыға ат мінгізіп, 2 миллион теңгенің сертификаты табыстады.
Салтанатты шарада Сәкен Бибосынов алғысын білдіріп, ең басты сыйлық – адамдардың шынайы ықыласы екенін атап өтті.
"Ең құнды сыйлық – ат та емес, көлік те емес, пәтер де, үй де емес. Ең бастысы – адамдардың шынайы ықыласы мен жылы лебізі. Сол үшін баршаңызға үлкен алғыс айтамын. Мен үшін нағыз сыйлық – осы", – деді ол.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Дубай қаласында IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында 54 келі салмақтк ел намысын қорғады. Дүбірлі доданың финалында ол ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ Сәкен Бибосынов 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола медаль иеленген. Бұдан бөлек, 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында күміс жүлде, ал 2021 жылы қола медаль жеңіп алған.

