"Екі-ақ күн өмір сүрді": Ақмола облысында жаңа босанған әйел сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр
Ақмола облысында тағы бір сәби өлімі тіркелді. Қажымұқан ауылының тұрғыны Айғаным Қалабай медицина қызметкерлерінің салғырттығынан жаңа туған сәбиінен айырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қажымұқан ауылының 27 жастағы тұрғыны Айғаным Қалабай мен жолдасы төртінші баласына Шахнұр есімін қоюды жоспарлаған. Алайда сәби екі күн ғана өмір сүрді.
Туыстары бұл оқиғаға кәсіби міндетіне салғырттық танытқан Астанадағы №2 көпсалалы облыстық аурухананың медицина қызметкерлерін кінәлап отыр.
Құжаттарға сәйкес, 14 қарашада Айғаным жоспарлы түрде кесарь тілігі бойынша ауруханаға жатқызылуы тиіс болған. Алайда жедел жәрдем қызметі толғағы келген әйелді қабылдаудан бас тартып, үйіне жіберген. Келесі күні таңертең ол қатты толғақпен ауруханаға түскен. Әйелді аурухана қабылдағанымен, хирург отаны кешке қарай ғана жасаған.
"Хирург мені тексерді. Ішім қатты болды. Сосын: "Сағат нешеде келдіңіз?" деп сұрады. Мен таңғы сағат 10:00-де, деп жауап бердім. Сосын ол: "Олар неге кешке дейін ұзақ күтті. Түнге қалдырудың қажеті жоқ, кесарь тілігін жасайық”, деді. Сосын олар маған “жат” деді, бірақ баламды қолыма бермеді”, – дейді Айғаным Қалабай.
Әйел кейіннен баласын іздеп, оның ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқанын білген. Айғанымның айтуынша, дәрігерлер оған баланың су жұтып, өкпесіне инфекция түскенін хабарлаған.
“Олар балама антибиотиктер берді. Бірақ көмектесуге тырыспады. Түнде сәбидің жүрегі екі рет тоқтап, таңертең шетінегенін әкесіне айтыпты”, – деді әйел.
Әйелдің туысының айтуынша, бұған дейін балада бәрі жақсы болған.
“Ол томографиядан, ультрадыбыстық зерттеуден өтті, жағынды, қан алды. Онда бәрі 100% жақсы болды. Дәрігерлер де алаңдайтын ештеңе жоқ, деп айтты. Бірақ кішкентай сәбиі шетінеп кетті. Енді медицина қызметкерлері басқаша сөйлеп отыр", – деді әйелдің туысы Гүлзада Елубаева.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жаңа туған нәрестенің денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілгенін айтты.
"14 қарашада жүкті әйел осы аурухананың босану бөліміне барған. Ешқандай белгілері болмаған соң ауруханаға жатқызудан бас тартылды. Бірақ 15 қараша күні №2 көпсалалы аурухананың босану бөліміне түсіп, кесарь тілігі жасалды. Нәресте аман-есен дүниеге келді. Бірақ бала туған кезде асфиксия жағдайында болған. Салмағы ауыр болып туып, жансақтау бөлімінде жатты. Қазір бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр", – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ақылбеков.
Ақмола облысының әкімдігі мұндай жағдайлардың әрқайсысын жеке бақылайтынын айтты.
"Әрбір осындай жағдай бойынша арнайы комиссия құрамыз. Алдымен облыстық деңгейде, сосын Денсаулық сақтау министрлігі міндетті түрде өз комиссиясын құрады. Болашақта бұл істң қылмыстық жауапкершілікке қатысы болса, онда ол басқа деңгейге ауысады. Тиісінше, басшыларды жазалауды қоса алғанда, барлық шаралар дер кезінде қабылданады", – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.
Әйелдің туыстары құқық қорғау органдарына арыз жазып үлгерген. Олар аурухананың медицина қызметкерлерінің жұмысын мұқият тексеріп, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
Полиция департаменті облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіп болған соң ғана шешім қабылдайтындарын түсіндірді.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында 10 айлық сәби балалар ауруханасына жатқызылғаннан кейін шетінеп кеткені туралы жазған едік.