"Екеуіне де әннің атын қойдым": Жұбаныш Жексенұлы немерелерін көпшілікке таныстырды
Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы алғаш рет отбасы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жарқын жүздесу” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесі екі ұлынан екі немере сүйіп отырғанын айтты.
“Екі немерем бар. Ләйлім және Гәкку деп есімін қойдық. Ләйлім – Әбілқайырдың қызы. Гәкку – Жанәділдің қызы. Екеуіне де әннің атын қойдық. Әнге бейімі өсе келе белгілі болады ғой. Біз баланы тәрбиелегенде "Мынадай боласың" демедік. Тек қолымыздан келгенше қолдау көрсетеміз. Балаларым алдымен, маман болады. Қандай кәсіпті игерсе де, кәсіби тұрғыда меңгеруін талап еттік”, – дейді әнші.
Бағдарламаға үлкен ұлы Абик те қатысты. Ол эстрада әншісінің үйде қандай әке екенін айтты.
“Әкеміз кішкентай кезімізде ғана еркелетті. Негізі, әке деген қатал болуы керек. Бұл кісі өте талапшыл, мейірімді, ақкөңіл. Анам да керемет жан. Үнемі біз қатысатын түсірілімдерге келіп, қолдау білдіреді. Тіпті мен кішкентай күнімде кумирімді көру үшін Америкаға да бардым. Осы кісілер қолдап, арманымды орындады. Үлгілі ұл болуға тырысамын”, – деп ағынан жарылды жас әнші.
Айта кетейік, әнші италиялық келінін жер-көкке сыйғызбай үнемі мақтап, мерейін өсіріп жүреді.
“Мен ауылда, қазақы ортада, нағыз қазақ отбасында өскен жігітпін. Басында әрине, біз қарсы болдық. Бірақ жастар дегеніне жетті. Бізге жылдар бойы дәлелдеумен болды. Дегенінен қайтпаса, көп адам солай мақсатына жетеді. Біз олардың махаббатын түсінбегендіктен емес, біздің қазақы болмысымыз жібермеді. Бәріміз қарсы болып, “келініміз басқа ұлттан” деп даурығып жатқанда, әкем: “Ұлттың жаманы болмайды, адамы дұрыс болсын” деді. Осы бір ауыз сөзбен әкем батасын берді, бәрі шешілді” деген еді өнер иесі.