Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

eGov жүйесінде жеке деректер таралып кетуін тексере алатын жаңа функция пайда болады

Жақын арада eGov қосымшасында қазақстандықтар жеке деректерінің таралып кеткен-кетпегенін тексере алатын жаңа функция іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Цифрлық даму министрлігі

Web-Totem ЖШС директоры Руслан Төргелдиновтың айтуынша, жаңа Nomad Guard сервисі eGov жүйесіне интеграцияланған.

"Сіз электрондық цифрлық қолтаңба арқылы авторизациядан өткен кезде, жүйе сіздің ЖСН, аты-жөніңіз және мобильді азаматтар базасындағы деректеріңізді. Соның ішінде электрондық поштаңызды пайдаланады. Дәл осы деректер бойынша жүйе ақпараттың таралып кетуін тексереді. Егер сіздің деректеріңіздің таралып кеткені анықталса, сізге 1414 нөмірінен хабарлама келеді. Сонымен қатар eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да ескерту аласыз", – деді Төргелдинов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Руслан Төргелдиновтың айтуынша, қазіргі уақытта жаңа функцияның соңғы тестілеу кезеңдері аяқталып жатыр. Алдағы күндері ол қосымшада қолжетімді болады және әрбір азамат өз деректерінің таралып кеткен-кетпегенін тексере алады.



Еске салайық, бұған дейін әлдекімнің ЭЦҚ кілтін пайдаланған қазақстандықтарға енді айыппұл салынатыны туралы жазған едік. Биыл 13 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіліп, электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалануға қатысты ережелер күшейтілді. Енді өзіңіздің ЭЦҚ кілтіңізді үшінші тұлғаларға, тіпті бухгалтерге немесе заңгерге беру айыппұл салуға әкеледі. Бұл жаңашылдық шағын және орта бизнеске, сондай-ақ аутсорсинг бухгалтерлік компанияларына үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін.

Талқылау