Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

eGov порталында коммуналдық кәсіпорын сайтының орнына онлайн-казиноға сілтеме шыққан

Фото: Halyqstan.kz

Тарифтерді тексермек болған тұрғындар күтпеген жерден онлайн-казиноға тап болды. eGov порталында Астана коммуналдық кәсіпорнына қатысты көрсетілген сайт басқа ресурсқа бағыттайтыны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Пайдаланушылар мемлекеттік egov.kz порталында көрсетілген Астана қаласының коммуналдық кәсіпорны сайтына өткенде онлайн-казино бетіне бағытталатынын мәлімдеді.

Олардың айтуынша, тұрғындар тарифтер туралы ақпарат алу үшін eGov порталындағы "Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарының коммуналдық кәсіпорындарының байланыс деректері" бөліміне кірген. Астана бойынша үш кәсіпорынның атауы, байланыс нөмірлері және сайттары көрсетілген.

Алайда "Астана қалалық жарық" кәсіпорнының astanazharyk.kz сайтына өткен кезде пайдаланушылар "Лев Казино – Онлайн казино Қазақстан" парақшасына түседі. Ал интернеттегі іздеу жүйелерінде бұл кәсіпорынның басқа zharyk.astana.kz ресми сайты көрсетіледі.

Пайдаланушылардың пікірінше, кәсіпорынның ресми сайты өзгерген, бірақ eGov порталында ескі сілтеме жаңартылмай қалған болуы мүмкін. Соның салдарынан тарифтер туралы ақпарат іздеген азаматтар онлайн-казино сайтына өтіп кетіп жатыр. Айта кетейік, Қазақстанда онлайн-казино жарнамасына заң жүзінде тыйым салынған.



Еске салайық, бұған дейін OREO тәттісінің қаптамасындағы QR-код онлайн казиноға сілтеме жасағанын жазған едік. Блогер Руслан Айтпаев ұлының өтінішімен дүкеннен алынған печеньенің қаптамасындағы QR-кодты сканерлеп көреді. Баласы ұтыс шығады деп ойлаған. Алайда OREО-дағы код арқылы күмән тудыратын сайттар мен онлайн казино ашылған.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 15 Ақпан, 2026 17:59