Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз де қазақтар сияқты ет көп жейміз": Египеттік инженер Қазақстанға көшкен соң өмірі қалай өзгергенін айтты

Египет тумасы Ахмед Мағди 2015 жылы Нұр-Сұлтанға көшіп келіп, осында тұрақтаған. Ол Каирде дүниеге келіп, Германияда білім алған. Осыдан бірнеше жыл бұрын досының ұсынысымен ол Қазақстанға келеді. Содан бері елден кеткісі жоқ, қазақ мәдениетіне сіңісіп кеттім дейді. Тіпті орыс тілінде сөйлеп, қазақ тілін үйреніп жүр. Stan.kz тілшісі шетелдіктің Қазақстандағы қазіргі жағдайын біліп, өз отаны және екі ел арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер жайлы сөйлесті.

Египеттің Каир қаласында дүниеге келген Ахмед 20 жылдан аса уақытын өз отанында өткізген. Инженер мамандығы бойынша Египетте білім алған. Соңғы жылы Германия оқыпты.

“Менің салам бойынша Германияда тың ақпарат алуға болады, себебі бұл жаңа бағыт еді. Мен неміс тілін білдім, сондай-ақ, біздің оқу орнының Германия университетімен байланысы жақсы болды. Оқуымды бітірген соң алты ай Каирде жұмыс істедім. Содан соң Қазақстанға көштім. Оған Ақтау қаласында жұмыс істеген араб досым әсер етті. Осында мүмкіндік бар, түйіндемеңді жіберіп көр деп ұсыныс жасады”, – дейді ол. 

Ахмед елордасынан басқа Павлодар, Көшшетау, Алматы қаласында барып үлгерген. Басқа қалаларға баруға жоспарлары бар көрінеді. 

Алғашқы әсер

Ахмет инженер-энергетик болып “Абу-Даби Плаза” кешенінде қызмет етеді. Одан бөлек фотограф ретінде табыс табады.

“Мен жазда келдім. Егер қыста келген болсам, Египетке қайтып кетер ма едім, себебі мұнда қыс суық. Ол кезде тек ағылшынша ғана сөйлеймін, орысша білмеген кезім. Дегенмен адамдар тарапынан жылулық сезілді. 

Бұл қалаға үйреніп қалдым. Қазір Каирге қарағанда Нұр-Сұлтанды жақсырақ білемін, себебі астана Каирға қарағанда кішірек. Алматыға да жиі барып тұрамын, қатты ұнайды. Соңғы уақытта фотограф ретінде ел мені тани бастады. Адамдар келіп, еңбегімді бағалайтындарын айтып жатады. Қазақстанның сұлулығын көрсетіп жүремін. Күн сайын серуендеп, суретке түсіремін. Бұл қазір менің екінші үйім", – дейді Ахмед Мағдидің өзі.

Каирдегі тұрмыс-тіршілік пен әйелдер құқығы

Сөзінше, қазіргі уақытта Каирде ата-анасы, әпкесі және інісі тұрады. 

“Қазақстанға 23 жасымда көшіппін. Египеттің астанасы қазір заманауи үлгіде. Нағыз дәстүрді көрмедім деп айтуға да болады. Мәселен, Рамазан айында, Құрбан айтта отбасы бірге отырып тамақ  ішеді, бір-біріне азық-түлік алып келіп береді, жиналып отырып тамақ ішеді, осы жағынан қазақтарға ұқсас. Жаңа жылды да біз тойлаймыз. Бірақ Қазақстандағыдай аса қатты атап өтпейміз. 

Мен өзім француз тілінде оқытатын мектепте білім алдым. Арабтар сияқты жүз пайызға жабық деп те айта алмаймын. Соның өзінде Германия сияқты Еуропа елдеріндегідей еркіндік те жоқ”, – дейді Ахмед.

Каирде ел араб және ағылшын тілін көпшілік біледі, оы тілдерде сөйлейді екен. Сондай-ақ француз тілі де қолданылады. 



“Қазір Каирден 40 шақырым жерде жаңа астана салынып жатыр. Қазірдің өзінде Каирде 20 миллион халық тұрады. Жаңа астананың кейпі Нұр-Сұлтанға қатты ұқсайды, биік ғимараттар салынып жатыр. 

Бұрын Египеттің христиан елі болғанына қарамастан бүгінде мұнда 70 пайыз халық – мұсылман. Каир ескі мешіт пен ғибадатхана, шіркеулерге толы, осыдан-ақ оның тарихы бай екеніне көз жеткізуге болады”, – дейді ол. 

Мағдиден отанындағы әйелдердің қоғамдағы рөлі мен тұрмыстық зорлық мәселесі туралы да сұрай өттік.

“Каирде әйелдердің көбі хиджаб киген, оранғандар. Қазір әлеуметтік желі арқылы проблемалар жиі айтылатын болды. Соңғы бес жылда Каирде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық болса, ер адамды түрмеге қамау туралы заң жұмыс істейді. Олар ер адамдармен теңдей жұмыс істей береді. Көбіне нәзік жандылар инженер, дәрігер немесе маркетинг саласында жұмыс істейді. Мәселен, Египетте көкөністер мен жемістер арзанырақ, ал Қазақстанда қымбатырақ. Ал жанармай керісінше мұнда арзанырақ, ал Египетте қымбат болып кеткен. Мұнда пәтер жалдау құны біздегіден жоғары”, – деп салыстырады египеттік азамат. 

Қазақтар және египеттіктер ұқсастығы

Ахмед Мағди ұлттық тағамдары қазақтың тағамдарына ұқсас екенін байқаған.

“Біз де қазақтар сияқты ет көп жейміз. Қой етін, бауырсақ сияқты тоқаштарды, самса, ет қосылған бәліш жасаймыз. Бауырсақ бізде “хауауши” деп аталады. Бірақ онда нанға тартылған ет қосылады. Одан бөлек, ешкімге ұқсамайтын “хошали” атты тағамымыз бар. Онда күріш, макарон және қымыз қосылады. Бұл жерден мұндайды байқай қоймадым. Тойды көрмесем де, Наурыз мейрамына мені шақырған. Бесбармақ, қазы, бауырсақ, қымыз дастарханда болды. Ұлттық тағамдар өте қатты ұнады.

Бізде де қазақтардағыдай ұлттық би бар, оны шығыс биіне жатқызуға болатын шығар.

Сондай-ақ египеттіктерде домбыраға ұқсайтын шығыс аспабы бар. Атауы – од. Сұлбасы гитараға ұқсайды. Домбырадан сәл үлкенірек, даусы қаттырақ шығады”, – дейді ол.

“Қазақ тілін үйренемін”

Араб тілі мен қазақ тілі өте ұқсас дейді Мағди. Тіпті өзі бірқатар қазақша сөздерді өз тілімен салыстырып, түртіп отырады екен.

“Кейде қазақтар арасында “қияр” деген сөзді естіп қаламын. Араб тіліндегі “хияр”, сондай-ақ, “хабар” деген сөз қазақ тілінде де бар екен. Келген соң маған мұнда орыс тілін үйрену керектігін айтты. Үш жылда орыс тілінде сөйлей бастадым. Ал қазақ тілін үйреніп жүрмін. Көп адам қазір маған бұл тілді үйренудің маңыздылығын айтуда. Бұл рас қой, сондықтан үйренуге бел будым.

Шыны керек мен екі тілде сөйлейтін елге бірінші рет келуім. Шынын айту керек орыс тілі маған жеңілірек тиді. Ал қазақ тіліндегі күнделікті өмірге қажетті сөздерді үйреніп үлгердім. Мәселен, “Сәлеметсіз бе?”, “Жақсы, қалайсың?”, “Қайдасың?”, “Жұмыс жоқ”, “Рахмет” және т.б. жатқа білемін”, – дейді шетелдік. 

Айтуынша, Қазақстанда дискриминацияға, кемсітуге тап болмаған. 

“Егер адам елдің құндылықтарын, дәстүрін құрметтеп тұрса ондай жағдай болмайды. Құдайға шүкір, мен мұндаймен бетпе-бет келмеппін. Онлайн түрде желіге нашар пікір жазатындар болады”, – деп санайды ол.

 

Талқылау