"Бәрі қурап кетті": Түркістан облысының шаруалары су тапшылығына шағымданды
Фото: Stan.kz
Түркістан облысының шаруалары ағын суға зәру. Картоп, пияз, жоңышқа еккен диқандар биыл оның бірде-бірі өнім бермегенін айтады. Өйткені егіс алқабында су тапшы. Шаруалардың айтуынша, жауаптылар Ақсу өзеніне құятын тау суы арнасын Сайрам ауданына емес, өзге аумаққа бұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Арғы жақтан ағын суды бұрып тастайды. Айда десең Түркістанға айдайды. Түркістанға бұл жердің суы мүлде бармайды. Суды тас алатын карьерге жібереді. Су беріңдер деп ауданға екі-үш рет адамдар жиналды. Суды аштық дегенімен азанға дейін ағады не ақпайды. Сөзге жауап беретін адам жоқ", – дейді шаруа Сабыржан Хасантаев.
Жауаптылардан қолдау таппаған жұрт құрғақшылық кесірінен картопты өспей жатып құрт басып кеткенін айтады. Ал жоңышқа болса тіпті шықпаған. Пияздың да өнім беруі екіталай. Су көрмеген көкөніс алқабы шаңға бөгіп жатыр дейді.
Фото: Stan.kz
"Ұрықтың өзін 400 теңгеден алғанбыз. Оның өзіне 1,5 млн теңге шығын кетіп жатыр. Бұған егуге, дәріге, тракторға, жұмысшылардың ақысына кететін шығынды қосыңыз. Оларды есептесеңіз біз банкрот болдық. Кеше клиент әкелдік көрсін деп. Клиент сұрамай кетіп қалды. Енді мұны қоқысқа тастаймыз ба? Ешкім алмайды ғой мынаны қазір", – дейді шаруа Тахиржан Нартаев.
Сайрам ауданында ағын суға жете алмай, егіні қурап кеткен тағы 10 ауыл бар. Еңбегі еш кеткен шаруалар мәселені айтып әкімдікке бірнеше рет барыпты. Бірақ көзінше арнаны бұрғанымен, егін басындағы арық сол күйі құрғақ дейді.
Фото: Stan.kz
Оның себебін Сайрам ауданы әкімінің орынбасары өзінше түсіндірді.
"Биыл ағын судың тапшылығы қатты байқалып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есе, таудан келе жатқан су көлемі өте төмен. Бірінші шілдеге дейін Арыс өзеніне су жіберіп жатырмыз. Отырар, Ордабасы аудандарының шаруаларына судың жетіспеуіне байланысты шаруаларға түсіндіріп, суды Арыс өзеніне жіберіп жатырмыз", – дейді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев.
Айта кетейік, аудан тұрғындарының негізгі табыс көзі – егін мен мал шаруашылығы. Өнімді жыл бойы күтетін диқандар биыл мәселеге облыс әкімінің араласуын сұрайды.

"8 жасар балам "гей" боламын деді": Қазақстандық блогерді ұлының тосыннан айтқан әңгімесі таңғалдырған (видео)
