Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Егде жастағы адамдар арасындағы суицид: Қорқынышты статистика және бұл мәселені шешу жолдары қандай

Wisevoter ұйымының 2023 жылға арналған мәліметіне қарасақ, Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-шы орында тұр. Бұл өте қорқынышты көрсеткіш, дейді психолог Айгүл Рахметқызы. Жақында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та елімізде 40 және 70 жастан асқан азаматтар арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші артып келе жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Егде жастар арасындағы суицид көрсеткіші неге азаймай тұр, қарттарымыз мұндай қорқынышты қадамға не себепті барады? 

Барлық егде жастағы адамдардың ауруын емдеу әдісі табылды

Сенат ұсынған статистика

Егде жастағы қазақстандықтар арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші 2012 жылдан бері артып келеді. 

Сенаттың баспасөз қызметі 2022 жылы суицидтен болатын өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Ақмола (100 мың адамға 16,4), Шығыс Қазақстан (13,9) және Солтүстік Қазақстан (13,8) облыстарында тіркелгенін айтады. Ал республиканың сегіз өңірінде бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден төмен, олар: Астана (5,8), Алматы (4,6), Атырау (4,8) және Маңғыстау (5,2) облыстары.

Бұл көрсеткішке алаңдаушылық білдірген Мәулен Әшімбаев мұндай қадамға бару әлеуметтік қиындықтар немесе жеке мәселелерге байланысты болуы мүмкін екенін жеткізген. Сенат төрағасы мұндай тенденцияның қазақ қоғамын жақсы жағынан сипаттамайтынына назар аударады.

“Біз төмендеудің кейбір динамикасын көріп отырмыз, бірақ соған қарамастан сандар жоғары және алаңдатарлық. Жиын алдында талдау жүргізе отырып, соңғы кездері жастар арасындағы суицидке көп көңіл бөлініп жатқанына көз жеткіздік. Бұл дұрыс, әрине, бізде теріс көрсеткіштер болды. Бірақ сонымен бірге біз қазір фактілерді тіркеп жатып– 40+ және 70+ жастағы азаматтар санаттары арасында суицид деңгейі жоғары болып қалғанын түсіндік”, – дейді Әшімбаев.

Ол осы орайда профилактикалық бағдарламалар мен нақты мақсатты шараларды әлеуметтік немесе басқа факторлар тұрғысынан осал азаматтардың осы санатына бағытталуы керек екенін баса айтады.

Психолог Айгүл Рахметқызының айтуынша, егде жастағы адамдар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері зейнеткерлікке шыққаннан кейін күрт көбейіп кетеді. Мұндай жағдайларға тап болған егде жастағы адамдар өздерінің психологиялық қорғаныс факторларын тез жоғалтады және енді стресске төтеп бере алмайды, дейді ол.

“Мұндай қорқынышты қадамға барудың себебіне үңіліп көрсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары суицидтік мінез-құлықтың себептері ретінде көптеген факторлардың әсер ететінін түсіндіреді. Егде жастағы адамдардың көпшілігі өзге жақындары мен туыстары оларды психикалық ауру деп санайды деп қорқып, психолог пен психиатр мамандардың көмегіне жүгінуден қашқақтайды”, – дейді маман.

Егде жастағы суицидтің негізгі қауіп факторлары:

- физикалық және психикалық денсаулық жағдайы (ауру);

- қоғамнан оқшаулану (коммуникацияның болмауы);

- отбасылық жағдайы (туыстарымен арадағы жанжал);

- елеулі адамдардың қолдауы (өз ортасын жоғалту);

- ерлі-зайыптылардың біреуінің өмірден өтуі (қайғылы жалғыздық)

Қоғамнан оқшаулану, жақындарын жоғалту, психика…

Психолог депрессия және мазасыздық секілді жағдайлар егде жастағы адамдарда жиі кездесетінін және суицидтік ойларға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін екенін түсіндіреді. 

Қоғамнан және адамдардан оқшаулану – бұл адамның басқалармен әлеуметтік байланыс пен қарым-қатынас сезімін жоғалту жағдайы екенін жеткізген маман оның әсіресе егде жастағы адамдар арасында үлкен алаңдаушылық тудыратынын айтады.

“Эмоционалды жалғыздық. Әлеуметтік оқшаулану мен жалғыздықты ажырата білу маңызды. Жалғыздық – жанында басқа адамдар қоршап жүрсе де өзін жалғыз сезінетін күй. Сонымен қоса жақындары мен достарынан алыс жерге қоныс аудару да осындай күйді тудыруы ықтимал. Адамның жасы ұлғайған сайын психологиялық ауыртпалықтарға төтеп беруі де төмендейді. Осы жастағы кісілердің тым эмоционалды болып кетуі де осыдан. Ал эмоцияны дер кезінде тежей алмаудың салдары ауыр болатыны белгілі”, – деп жалғады маман.

Бұл ретте психолог көптеген елдерде пансионаттардағы көмектің дамығанын айтады. Ал Қазақстанда пансионаттар негізінен ауыр сырқаттары бар, адамды жалғыз қалдыруға болмайтын және тәулік бойы күтім мен бақылауды қажет ететін адамдарды күтуге арналған.

“Мемлекеттік деңгейде бұл бұрынғы кеңестік дәуірдегі қарттар үйі немесе ардагерлер үйі, ондағы қарт адамдардың күтімін өте жақсы деуге келмейді, өйткені науқастарды басқару әдістемесі де, өмір салты мен тамақтануына қамқорлық жасау әдістемелері жоқ. Ал ғылым мен медицинаның заманауи жетістіктері ескерілмейді”, – дейді маман.

Психологтың сөзінше, қарт кісілердің көпшілігі жасы келген шағында тек теледидармен ғана оңаша қалады. Қажет кезінде ой бөлісіп, ішіндегісін шығарып айтатын жақындарының назарынан тыс қалу да – ауыр соққы, дейді ол.

“Балалары жұмысқа кетеді, қарым-қатынас орнататын ешкім жоқ, осылайша әлеуметтік оқшаулану пайда болады және осы әлеуметтік оқшауланудың салдарынан когнитивтік функциялар нашарлай береді”, – деп түсіндіреді ол.

Психолог егде жастағы адамдардың басты психологиялық мәселелердің бірі – өзін ешкімге керексіз сезінуі екенін түсіндіреді.

“Туыстарына ауыртпалық түсіру сияқты ауыр сезім пайда болады, өйткені балалары өсіп, өз отбасын құрады, ал қарт адам балалары оған уақыт жоғалтпау үшін көмек сұрауға ұялуы мүмкін. Қарт кісілер көп жағдайда өз мәселелерімен бетпе-бе қалады. Олардың физикалық және әлеуметтік денсаулығы нашарлайды, депрессия мен көптеген денсаулық проблемаларын тудырады. Қарт адамдардағы депрессия өліммен, дәрменсіздікпен және үмітсіздікпен сипатталады. Өзін-өзі бағалаудың төмендеуі өзіне, басқаларға және жалпы өмірге деген жиіркеніштіліктің пайда болуына ықпал етеді”, – дейді маман.

Ол көп жағдайда туыстары өзіне-өзі қол жұмсау мүмкіндігін дер кезінде бағаламайтынын баса айтады. 

Мәселені шешу жолдары

Маман егер адамнан өмірден түңілу белгілері байқалса, өз-өзіне қол жұмсауды қазіргі жағдайдан шығудың жалғыз жолы деп санаса, онда оған шұғыл көмек керек екенін ескертеді. Әдетте, мұндай адамдар енді өз бетінше көмек сұрай алмайды, сондықтан олардың айналасындағы туыстары мен достары оларға көмектесуі керек.

“Адамды өз мәселелерімен жалғыз қалдыруға болмайды. Ең алдымен, психолог немесе психиатрмен кеңесу ұсынылады.Көптеген қалаларда құтқару қызметтері, телефон желілері, сондай-ақ суицидке бейім адамдармен қарым-қатынас жасау бойынша жақындарына жедел көмек пен кеңес қажет адамдар үшін арнайы әзірленген дағдарыс орталықтары бар. Өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдар өзін өзгелер тыңдағанын қалайды”, – дейді психолог.

Ол өз-өзіне қол жұмсау ниеті бар егде жастағы адамдардың бұл туралы туыстарына хабарлаудан тартынатынын айтады.

“Балалары, немерелері, жақындары және араласатын айналасындағы адамдар шын мәнінде қарт адамның мінез-құлқының жалғыз куәгерлері болып саналады, олар қажет болған жағдайда араласа алады. Депрессия мен суицидтік тенденцияларды дұрыс тануды үйрететін және психологиялық көмек көрсетуді үйрететін қызметтер бар. Әр суицид – бұл қоғаммен диалог, өз қасіретін айтудың қорқынышты әрекеті. Сол себепті бір-бірімізді тыңдай білейік, сонда ғана егде жастағы адамдардың өмірі жылулық пен махаббатқа толады”, – дейді психолог.

Талқылау