Дзюдошы Мейіржан Әбдімәліков Еуропа кубогында жеңімпаз атанды
Латвия астанасы Ригада ересектер арасында дзюдодан Еуропа кубогы өз мәресіне жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/kaz_judoteam
Қазақстандық балуан Мейіржан Әбдімәліков жарыстың іріктеу кезеңінен оңай өтті. Плей-офф кезеңінде отандасымыз Израиль мен Доминикан Республикасынан келген қарсыластарын жеңді. Ал финалда испандық Иринель Василе Челаруды тамаша нәтижемен ұтты.
Әбдімәліков спорт әлемінде әмбебап балуан ретінде танымал, ол "Қазақ күресі" мен дзюдода бірдей табысты өнер көрсетеді. Өткен жылы Мейіржан жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын.
Айта кетейік, Еуропа кубогына 22 елден 160-тан астам дзюдошы қатысты. Қазақстан құрамасы екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алып, үздік командалық нәтижені көрсетті.
Талқылау