Дзюдодан Ташкенттегі Grand Slam жарысының алғашқы күнінде қазақстандық спортшылардың барлығы жеңіліп қалды
28 ақпанда дзюдодан Өзбекстан астанасы Ташкентте басталған Grand Slam жарысының алғашқы күнінде татамиге шыққан қазақстандық балуандардың барлығы жеңіліс тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Қазақстандық дзюдошылардың ешқайсысы финалдық бәсекелерге жете алмады. 60 келі салмақта белдескен Нұрәділ Әлжан алғашқы белдесуінде өзбекстандық Камоллидин Бахтиеровтан жеңілді.
66 келі салмақта өнер көрсеткен Ердаулет Бозша да өзбек спортшысы Абдурахим Нутфуллоевқа есе жіберді. Ал Ержан Еренғайыпов БАӘ балуаны Казбек Нагучевтан айласын асыра алмады.
Әйелдер арасында боз кілемге 48 келі салмақта алғаш боп шыққан Ғалия Тынбаева тәжік аруы Ахлия Муминовадан ұтылды. Артынша Диана Букреева Ресей спортшысы Сабиля Гиллязовадан жеңіліс тапты.
Қазақстандық балуандардың жеңілісі мұнымен бітпеді. 52 келі салмақта Құндыз Жылқыбай Испания аруы Мария Комастан ұтылса, 57 келіде Бақыт Құсақбаева ресейлік Ирина Зуевадан өте алмады.
Осылайша, отандастарымыз Grand Slam жарысының алғашқы күнінде жүлде жеңіп ала алмады.