"Дыбыс жазатын құрылғыны өшірген": Журналистер блогер Ерболат Жанәбіловтың әрекетіне шағымданды (видео)

Астанада көлік ұтысына қатысты тергеліп жатқан блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлепбергенге қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотталушылардың өтінішімен сот БАҚ өкілдеріне олардың жүзін фото-видеоға түсіруге тыйым салды. Адвокат мұны ерлі-зайыптылардың балаларын күйзелістен қорғау ниетімен жасалғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алайда сот отырысы кезінде журналистер Жанәбіловтің ешкімнен рұқсат сұрамастан трибунадағы дыбыс жазатын құрылғыларды өшіріп тастағанын байқаған. Бұл құрылғылар соттағы дыбысты анық жазып алу үшін қойылған және БАҚ жұмысы үшін маңызды құрал саналады.
Осыдан кейін журналистер судья Әділбек Баймахановқа шағымданды. Журналистердің наразылығына соттың баспасөз хатшысы: “Егер ол өз дауысын жазуды қаламаса бұл оның құқығы. Түүсіністікпен қарауларыңызды сұраймын”, – деп жауап берді.
Алайда сотталушылардың айғақтарын аудиоға жазуға ешқандай тыйым салынбаған. Оның үстіне бұл ашық форматта өтіп жатқан сот процесі.
Кейіннен блогер Ерболат Жанәбілов журналистерден өз әрекеті үшін кешірім сұрады.
“Қазір мен қобалжып тұрмын. Сол себепті өзімнің не істеп тұрғанымды білмеймін. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Журналистер сіздерден кешірім сұраймын”, – деді блогер.
Ал судья Әділбек Баймаханов оған ескерту жасап, мұның сотқа деген құрметсіздік екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін сотта Жанәбілов Нұрбек Нұртаза мен Дархан Жолшыбековтың заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылмағанына таңданысын білдірген.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты