Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Бүгін Қазақстан құрамасы 5 алтын жүлде жеңіп алды

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші жарыс күнінде 5 алтын жүлде жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: "Ұлттық және ат спорты түрлері” орталығы

Бүгінгі күннің басты додасы көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары арасында өтті. Финалдық матчта Қазақстан құрамасы 5:4 есебімен жеңісті жұлып алып, алтынды қоржынға салды. Сондай-ақ теңге ілуден Этноауылда өткен жарыста Бекнұр Серіков пен Рахат Қамбаров алтыннан алқа тақты. Бекнұр бес белес сайысынан үздік шықса, Рахат Қамбаров қос құлаш сайысынан мықтылығын мойындатты. 

Татар халқының көне ұлттық белбеу күресі көрәштен отандастарымыз ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, 90 келідегі Біржан Шаймерденов қана алтын жүлде иеленді. Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден өткен жарыста Әсел Далиева алтын жүлде жеңіп алды.

Айта кетейік, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 32 алтын, 24 күміс, 27 қола жүлдемен көш басында келеді. Көшпенділер ойындары 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысып жатыр.

Талқылау