Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дуальды оқыту": Азаматтық авиация академиясы студенттерінің табысқа жету жолы мен кәсіпорындармен серіктестік туралы айтты

Азаматтық авиация академиясының Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Қайрат Жакупов студенттерінің табысқа жету жолы және кәсіпорындармен серіктестіктің жаңа моделі туралы айтып сұхбат берді. 

– Дуальды оқыту дегеніміз не және ол неге маңызды?

– Дуальды оқыту – оқу процесінің жаңа форматы ғана емес, бұл жас мамандар үшін мықты академиялық база мен практикалық тәжірибені біріктіретін, жеделдеткіш құрал. Азаматтық авиация академиясының студенттері жай партада отырып білім алып қана қоймай, дәстүрлі білім беру тәсілінен бөлек, тәжірибесі жоғары мамандардың жетекшілігімен өздерінің болашақ мамандықтары бойынша шынайы жұмыс орындарға жіберіледі. Сол жақтан студенттер тәжірибелік білім алады.

Біздің мақсатымыз – студенттерге оқу барысында мансабын бастауға мүмкіндік беру. Дуалды оқыту – бұл жай ғана тәжірибе емес, бұл теория мен практиканың толыққанды интеграциясы. Студенттер тек оқып, білім алумен шектелмей жұмыс та істейді, ал сол жұмысты олар өз оқып жатқан мамандықтары бойынша жасайды.

Бұл әсіресе авиация сияқты серпінді және жоғары технологиялық салада мансабын құрғысы келетін адамдар үшін маңызды. Оқу бітіргеннен кейін жұмысқа бейімделуге айлап, тіпті кейде жылдап уақыт жоғалтудың орнына, біздің студенттеріміз нарық талаптарымен таныс және өз мамандықтарының қыр-сырын түсінеді. Сол себептен олар бірден жұмысқа кірісуге дайын болып шығады.

– Кәсіпорындарға бұдан қандай пайда?

– Егер сіз компанияның өкілі болсаңыз және сізге бірінші күннен тиімді жұмыс істей алатын жоғары білікті қызметкерлер қажет болса, онда дуальды оқыту түрі сіз үшін қажет нәрсе. Бұл кәсіпорындарға болашақ мамандарды "өз талаптарына сай етіп" дайындап қана қоймай, сонымен бірге ең өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Дуальды оқыту - жас мамандардың бейімделу уақытын қысқартуға және жұмысқа орналасудан кейін оларды оқытуға кететін шығындарды азайтуға көптеген септігін тигізетін оқу түрі.

Өткен оқу жылында Азаматтық авиация академиясының 100-ге жуық студенті Қазақстанның 22 әуе және логистикалық компанияларында тәжірибелік білім алды. Бұл жай ғана сандар емес – бұл компаниялардың болашағына қосылған үлкен үлес. Біздің серіктестеріміздің қатарында "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ, "№405 авиажөндеу зауыты" АҚ, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ, "КазАэроНавигация" РМК және т.б. сияқты сала көшбасшылары бар. Бұл компаниялар бүгінгі күні студенттерге инвестиция бөлу – ол ертеңгі білікті кадрлар екенін жақсы түсінеді. 

Бірақ біз көп компаниялардың бұл қадамға әлі дайын емес екенін байқадық. Кейбіреуін оқыту мен тәлімгерлік міндеттемесі үркітеді. Иә, бұл күш-жігерді қажет етеді, бірақ бізбен бірге осы жолды өткендер бұл оқу түрінің үлкен артықшылықтарының бары туралы айтады. Сондықтан біз басқа да кәсіпорындарды, Қазақстанның авиация саласын бірлесіп дамыту үшін бізге қосылуды нәсихаттаймыз.

Серіктестік және табыстар: қазіргі таңда қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Биыл біз дуальды оқытуға қатысатын студенттердің санын 154-ке, ал серіктес кәсіпорындардың санын 43-ке дейін ұлғайттық. Біз серіктестік желісін үнемі кеңейтіп жатырмыз және қазіргі уақытта студенттерді өз командаларына қабылдауға дайын бірқатар ірі авиакомпаниялар мен әуежайлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 

Әлемдік тәжірибе: басқа елдер дуальды оқытуды қалай жүзеге асырады?

– Дүниежүзілік тәжірибе дуальды оқыту жүйесінің жай ғана "сәнді тренд" емес, уақыт сынағынан өткен механизм екенін көрсетуде. Германия мен Швейцарияда дуальды оқыту стандартқа айналды. Бұл елдердің студенттері уақытының бір бөлігін оқу орындарында, ал қалған бөлігін тәжірибелік дайындықтан өтетін кәсіпорындарда өткізеді. Нәтиже? Түлектер жоғары біліктілікке ие және оңай жұмыс табады, ал мұндай мамандар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өте төмен.

Австрия мен АҚШ та дуальды оқытуды, әсіресе авиация сияқты жоғары технологиялық салаларда белсенді түрде енгізуде. Бұл елдерде студенттер тек "теорияны оқып-үйреніп" қоймайды, олар жаңа технологиялармен жұмыс істейді және нақты өндірістік процестерге қатысады. Бұл оларды оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы күннен бастап еңбек нарығында бәсекеге қабілетті етеді.

Ал Қазақстанда ше?

– Өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен еліміздің жоғары оқу орындарында дуальды оқыту ресми түрде реттелді. Азаматтық авиация академиясы алғашқылардың бірі болып жоғары білім деңгейінде бұл форматты енгізді, оның нәтижесін көріп отырмыз. Біздің мақсатымыз – оқу процесін барынша икемді және нақты нарық қажеттіліктеріне бейімделген ету арқылы студенттер мен кәсіпорындар үшін мүмкіндіктерді кеңейту.

– Оқушылар мен ата-аналар үшін артықшылықтар

Студенттер үшін бұл оқу кезінде кәсіби ортаға енудің бірегей мүмкіндігі. Олар жай ғана диплом алып қоймайды, жұмыс берушілер бағалайтын тәжірибеге ие болып оқуды бітіреді. Бұл оларды бәсекеге қабілетті етеді және еңбек нарығында бірегей артықшылық береді.

Ал ата-аналар үшін бұл олардың балаларының жай оқып қана қоймай, алғашқы курстардан бастап өз мансабын құрып жатқанының кепілі. Академиядағы білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция.

Қорытындылар мен перспективалар

– Біз дуальды оқытудың болашағы зор екеніне сенімдіміз. Бұл жай ғана оқыту форматы емес, ол озық әлемдік тәжірибе мен жергілікті нарық сипаттамаларын біріктіретін персоналды оқытудың жаңа тәсілі. Біз бізбен бірге осы жолдың бір бөлігі болуға Қазақстанның авиация саласы үшін жоғары білікті мамандарды дайындауға дайын жаңа компанияларды ынтымақтастыққа шақырамыз.

Талқылау