"Дрондарды жетік меңгерген мамандарды тарту керек": Қазақстанда қысқа мерзімді әскери курстар ашу ұсынылды
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі заманауи технологиялар бойынша маман даярлау үшін қысқа мерзімді әскери курстар ашуды ұсынды. Оның сөзінше, елде әскери білім беруге реформа қажет. Себебі оқу орындары мен материалдық-техникалық база ескірген күйде қалып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ben Stansall / WPA Pool / Getty Images
Сенатор президенттің тапсырмасына қарамастан, практикалық дайындық деңгейі төмен дейді. Қазақстанда 51 жоғары оқу орны алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқытушылар даярлау лицензиясына ие. Алайда олардың тек 41-інде ғана әскери кафедра бар. Ол кафедраларда оқитын студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде білім алады. Бұл олардың дайындығының тиімділігіне күмән тудырады.
Сонымен қатар бірыңғай әдістемелік база жоқ, заманауи оқулықтар жетіспейді, ал оқу бағдарламаларында әлі күнге дейін көнерген кезеңдегі тактика пайдаланылады.
"Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. "Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең тарап жатыр. Шабуылдардың әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін" деген Қазақстан президенті жоғары технологияны меңгерген кәсіби әскер даярлауды тапсырған еді. Сондықтан әскери ЖОО мен қорғаныс саласына ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен заманауи технологияны жетік меңгерген ұлттық рухтағы кәсіби мамандарды көптеп тарту маңызды деп ойлаймыз", – деді сенатор.