Дрондар енді шаршаған жүргізушілерді анықтап, жолдағы көліктерді бақылайды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Қазақстан жолдарын енді дрондар әуеден бақылайды. Олар жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеп қана қоймай, жолда ұзақ жүріп, шаршаған жүргізушілерді де анықтайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешовтың айтуынша, дрондар 8 сағаттан артық көлік жүргізіп бара жатқан жүргізушілерді анықтайды.
“Егер көлік сегіз сағаттан артық тоқтаусыз жүрсе, дрон бұл туралы белгі береді. Яғни, көлік тым ұзақ уақыт бойы қозғалыста болғанын хабарлайды. Сол кезде патрульдік полиция жүргізушінің шаршағанын немесе шаршамағанын профилактикалық мақсатта тексереді", – деді Шыңғыс Алекешев.
Сөйтіп патрульдік полиция жүргізушіні тоқтатып, оның жағдайының жақсы екеніне көз жеткізеді.
Министрлік өкілінің айтуынша, дрон жүйеі қазірдің өзінде Қазақстан бойынша енгізіліп жатыр.
“Қазір бүкіл ел бойынша кеңінен таратып жатырмыз. Қазақстанның барлық жолдарында осындай дрон қолданылады”, – деді ол.
Фото: Sergek Group Telegram-арнасы
Шыңғыс Алекешов бұл технологияның тиімділігі практика жүзінде дәлелденгенін айтты. Ереже бұзған жүргізушілерге дрон арқылы түсірілген фотосуреттер жолданады. Полиция атап өткендей, дрондар – жол қауіпсіздігі жүйесін цифрландырудың ауқымды жобасының бір бөлігі және оларды пайдалану ауқымы кеңейе бермек.
Sergek Group компаниясы да жаңашылдықтың енгізіліп жатқанын растады. Оның мәліметінше, "Қазақтелеком" АҚ және Sergek әзірлеушілері жаңа технологияларды бірге сынақтан өткізіп жатыр. Енді Sergek жүйесі дрондарға орнатылады. Бұл құрылғылар полицейлерге іздеу жарияланған көліктерді анықтауға көмектеседі.
“Біз әрдайым жаңа технологиялық эксперименттерге ашықпыз. Sergek жүйесімен жабдықталған дрондарды қолдану болашаққа қадам ғана емес, Қазақстанның IT саласы әлемдік деңгейдегі шешімдерді әзірлеп, іске асыра алатынының айқын мысалы", – деді Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким.

"5 балам бар": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрады
