Досаев Алматы облысы әкімінің анасына жер бергені туралы ақпарат тарады
Фото: Алматы әкімдігі/Алматы облысы әкімдігі
Әлеуметтік желіде Алматының экс-әкімі Ерболат Досаевтың қалада жер учаскесінің тапшылығына қарамастан Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің анасына жер беру туралы құжатқа қойғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kozachkov ">Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Желідегі ақпаратқа сенсек, 2024 жылы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жер тапшы кезде бес адамға тұрғын үй салу үшін жер телімдерін берген. Олардың арасында Алматы облысының әкіміне анасы да бар.
Автор әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттен тұрғын үй салу үшін 10 соттық жер алуға құқылы екенін еске салды. Ол үшін кезекке тұру қажет.
Мұнда мәселе Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бос жер телімдері болмағандықтан, жаңа өтініштер қабылданбайтынында. “Өтініш қабылданбаса, жер қалай және кімдерге беріледі?” деген сауалдың тууы заңдылық.
“Ерболат Досаев бес адамға жер телімдерін беру туралы қаулыға өзі қол қойған. Бұл туралы деректердің көбі ашық түрде alag.kz сайтында, яғни Алматы қаласының Геоақпараттық картасында жарияланған. Бұл жер телімдері 3-4 жыл мерзімге үй салу үшін берілген. Құрылыс аяқталғаннан кейін мемлекет бұл жерлерді меншікке өткізуге міндетті”, – делінген жазбада.
Автордың айтуынша, жер алғандардың тізімінде бес адамның аты-жөні көрсетілген. Олардың арасында жалғыз ер адам бар.
“Оның есімі — Нұрбек Құлышев, жасы 37-де, ол "Newgen Electrical" ЖШС-нің бас директоры болып жұмыс істейді. Statsnet деректеріне сүйенсек, компанияның жылдық табысы шамамен 240 миллион теңгені құрайды, кәсіпорын корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосылған құн салығын (ҚҚС) төлейді. Мұндай табысты фирманы басқарып отырған Нұрбек Бекболатұлын кедей адам деу қиын. Бірақ 2023 жылдың шілдесінде ол одан да байып кетті — Алматы әкімі Ерболат Досаев оған Медеу ауданынан 10 сотық жер телімін сыйға тартты”, – деп жазды автор.
Сондай-ақ 2024 жылдың 1 тамызында Ерболат Досаев дәл осындай көлемдегі көршілес жатқан жер телімін 42 жастағы Александра Омароваға беру туралы қаулыға қол қойған. Астана тұрғыны интернетте жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті жалға береді екен.
Ал үшінші жердің иесі — Бибихан Ноғаева. 73 жастағы қазақстандық 2024 жылдың желтоқсанында ол Омарова мен Құлышевке көршілес орналасқан учаскеден 6 сотықтан сәл үлкен жер алған.
“Белгісіз себептермен alag.kz сайтында 2024 жылдың 3 желтоқсанындағы қаулыға сілтеме жоқ. Дәл осы құжат арқылы 69 жастағы Гүлбақыт Сейсенбековаға шамамен 7 сотық жер берілген. Қаулы маған қағаз түрінде келіп түсті, демек, бұл дерек базасына енгізілмеген болуы әбден мүмкін. Ал бұл тізімдегі соңғы адам — 78 жастағы Гүлбахар Мансурова. Іздеу жүйелері бойынша ол шаруа қожалығына иелік етеді. Бұған қоса, 2015 жылы ол "ДАМУ" қорының басқарушы директоры Қанат Сұлтанғазиевтің аффилирленген тұлғаларының қатарына енген. Яғни, ол — Қанат Сұлтанғазиевтің анасы. Қанат Сұлтанғазиевтің туған бауыры — Алматы облысының қазіргі әкімі Марат Сұлтанғазиев”, – делінген жазбада.
Автор бұл жер телімдерін алғандар — жай ғана көзбояушылық үшін тіркелген адамдар болуы мүмкін деген болжам жасады.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
