Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Донецк халық республикасында өндірілген": Қарағандыда сатылған кәмпитке қатысты тексеріс басталды

Фото: Заңгер Рашид Қойлыбаевтың желідегі парақшасынан

Әлеуметтік желіде Қарағандыдағы дүкендердің бірінде сатылып жатқан тәтті өнім қызу талқыға түсті. Заңгер Рашид Қойлыбаев өзінің парақшасында дүкен сөресінен "Донецк халық республикасында" өндірілген деп көрсетілген өнімді көргенін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жазбадан кейін желі қолданушылары арасында түрлі пікірлер айтылды. Кейбіреулер Қазақстан ресми түрде мұндай құрылымдарды мойындамағанын еске салды. Пікір қалдырғандардың бірі "Қазақстан ДХР мен ЛХР-ды мойындаған жоқ. Онда неге біздің дүкендерде сол жақтың өнімдері сатылып жатыр?" деген сауал қойды.

Тағы бір қолданушы өнімнің заңдылығына күмән келтірді. Оның айтуынша, тауар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сертификатынан өтпеген және қаптамасында қазақ тіліндегі аударма да жоқ. Сондықтан ол "Мұндай өнім дүкен сөресіне қалай түсті?" деп тексеруші органдардың жұмысына қатысты сұрақ көтерді.

Ал кейбір пікір иелері өнімнің шығу тегіне қатысты дауласты. Олардың бірі бұл Донецк "республикасының" емес, Украинадағы Донецк қаласының өнімі екенін айтып, өз көзқарасын білдірді.

Басқа бір қолданушы тіпті "Жалпы Донецк халық республикасы деген бар ма өзі?" деп күмәнін жасырмады.

Пікір білдірушілердің арасында мәселені саясаттандырмауға шақырғандар да болды. Олардың айтуынша, кез келген фабриканың артында қарапайым адамдардың еңбегі мен отбасы тұр. Бір қолданушы "Фабрикада адамдар жұмыс істейді, жалақы алады, балаларын асырайды. Олар соғысқа кінәлі емес. Баға өсіп жатқанда, медицинада мәселе көп кезде, енді конфетті де “тыйым салайық” деу дұрыс па?" деген ойын жазды.

Бұған байланысты сауда және интеграция министрлігі Қарағанды облысында ДХР-дан әкелінген кәмпиттердің сатылымға шығуына байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мониторингтік жұмысты бастады. Тексеру қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Егер заңбұзушылықтар анықталса, жиналған материалдар тиісті шара қолдану үшін уәкілетті органға жіберіледі. Тауар таңбасында қазақ тілінде міндетті ақпараттың болмауы маркілеу талаптарының бұзылуы болып саналатынын және бұл қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке әкелуі мүмкін", – делінген хабарламада.


Еске салайық, бұған дейін сарапшылар мен фермерлер соңғы жылдары арзан импорттық өнімдердің көбеюі отандық өндіріске қысым жасап жатқанын айтып келеді. Кей жағдайда шетелдік тауарлар Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құнынан да төмен бағамен сатылатыны айтылған.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 17:12