"Доллар нығайып, теңге әлсірейді": Сарапшылар Трамптың билікке келуі Қазақстанға қалай әсер ететінін болжады
Доллар нығайып, теңге әлсіреп жатыр. Кейінгі тәулікте америкалық валюта үш теңгеге қымбаттап, қазір ақша айырбастау орындарында 493-495 теңгеден сатылады. Сарапшылар мұны штаттардағы саяси оқиғалармен байланыстырады. Сарапшылар Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісі Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаһандық доллар индексінің нығаюы аясында қазақ теңгесі әлсіреді. Ақша айырбастау орындарында америкалық валюта 493-495 теңгеден сатылып жатыр. Сарапшылар жыл соңына дейін мөлшерлеме осы шектерде құбылып, жыл 500-ден төмен бағамен аяқталатынына сенімді.
“Ұлттық қордан түсетін транштар айырбас бағамының қатты әлсіреуіне жол бермейді, бізде тепе-теңдік сақталып тұр, 486-дан 495-қа дейін дамып келеді", – деді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев.
Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейін доллар рекордтық өсім көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары әлемдік нарықта өзгерістер болады. АҚШ мұнай өндіруді ұлғайтып, оның бағасын төмендетеді. Нәтижесінде ОПЕК баға тепе-теңдігін сақтау үшін өзінің өндіріс көлемін қысқартуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда АҚШ мұнай нарығында үстем болмақ.
“Болашақта америкалық валютаның нығаюына мүмкіндік бар. Өйткені Америка Құрама Штаттары Париж келісімінен шығуы мүмкін және бұл АҚШ-та мұнай өндірісінің артуына себеп болады”, – деді R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов.
Бұл біздің еліміздің экономикасына әсер етуі мүмкін, өйткені Қазақстан кірісінің басым бөлігі мұнай өнімдерін сатуға байланысты. Ал АҚШ-пен қарым-қатынас бұрынғыдай қалады.
“Егер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аяқталса, біз үшін экономикалық жағынан жақсы болады. Менің ойымша, Америка экономикамызға инвестиция салуды жалғастырады және басқа да ірі компаниялар, тек мұнай ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі де Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашады”, – деді саясаттану магистрі Жандос Сәрсенбеков.
АҚШ-пен экономикалық байланысты нығайту, жаңа инвестициялар тарту және аймақтық қақтығыстардың ықтимал аяқталуы отандық экономиканың өсуі мен дамуы үшін алғышарттар жасайды.