Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дистрибьюторлер екі жылдан бері фильмдерді қазақ тіліне аударуға бөлінген мемлекет қаржысынан бас тартып келеді – Аида Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дистрибьюторлердің екі жылдан бері фильмдерді қазақ тіліне аударуға бөлінген мемлекет қаржысынан бас тартып келетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Оxo.kz

Министрдің мәліметінше, мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын 15 шетелдік фильмнің дубляжына 443 миллион теңге бөледі.

“2023-2024 жылдары қатаң заң талаптары мен конкурстық процедураның ұзақтығына байланысты (іріктеу конкурсы кемінде алты айға созылады) шетелдік фильмдердің дистрибьюторлері конкурстық іріктеуге қатысудан және бөлінген қаражаттан бас тартты. Сол себепті дубляжға бөлінген мемлекеттік қаржы бюджетке қайтарылғанын атап өткім келеді. Осыған байланысты кейінгі екі жылда бірде-бір шетелдік фильм мемлекеттік қолдаумен дубляждалмаған”, – деді  Аида Балаев “Казахстанская правда” басылымына берген сұхбатында.

Осыған байланысты министрлік қазақ тіліне дубляж жасау мақсатында шетелдік фильмдерді іріктеуге қойылатын қатаң талаптарды жеңілдету үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеп, парламентке ұсынған. 

“Министрлік жоғарыда аталған түзетулерді басқа да заң жобалары арқылы енгізу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.  Айта кету керек, 2024 жылдан бастап Голливуд студиялары өз қаражатына блокбастерлерін қазақ тіліне дубляждай бастады. 2024 жылы Голливудтың "Ойжұмбақ 2" блокбастері мен "Ұсқынсыз мен 4" және "Моана 2" анимациялық фильмдері қазақ тілінде жарыққа шықты”, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар Голливудтың "Веном. Соңғы би", "Жабайы робот" және түрік фильмі Cadi қазақ тілінде прокатқа шыққан еді.

Голливуд киностудияларының Қазақстандағы ресми дистрибьюторлары жыл соңына дейін "Муфаса: Арыстан патша" блокбастерінің қазақ тілінде әлемдік премьерасын өткізуді жоспарлап отыр. Kinopoisk онлайн кинотеатрының есебінен 2024 жылы "Веном", "Гарфилд", "Аңыз", "Джон Уик", "Аудармашы" (Голливуд), үндістандық “Рядом ревет революция” (Rise Roar Revolt) фильмі қазақ тіліне дубляждалған. 

Талқылау