Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Disney компаниясы YouTube-та балалардың деректерін заңсыз жинағаны үшін 10 миллион доллар өтемақы төлейді

Disney компаниясы YouTube-та балалардың деректерін заңсыз жинағаны үшін 10 миллион доллар өтемақы төлейді

Фото: Ru.freepik.com

АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы Disney компаниясы өз контентін балаларға арналған деп белгілемегенін анықтады. Салдарынан жарнамалық мақсатта көрермендердің деректері жиналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Disney компаниясы YouTube-та балалардың деректерін заңсыз жинағаны үшін 10 миллион доллар өтемақы төлейді. Деректері заңсыз жиналған балалар тек маркетологтардың емес, қылмыскерлердің де нысанына айналып жатыр.

Әлеуметтік желілердің алгоритмдері, тіпті балаларға арналған білім беру платформалары бір принциппен жұмыс істейді: бақылау, талдау, таргеттеу. Әрбір лайк, пікір, қаралым құнды ақпарат болып саналады. Ол жарнаманы тиімді таңдауға және контентті ілгерілетуге көмектеседі. Тіпті пайдаланушы бала болса да, цифрлық жүйе ешқандай жеңілдік жасамайды. Disney-мен болған жағдай компаниялардың жарнамалық жүйелерге балалар туралы деректерді жинауға жол беріп, ережелерді бұзатынын дәлелдеді.

“Google, YouTube және жалпы басқа да платформалар жинаған ақпарат компанияға балалардың не көретінін, олардың ата-анасына қандай ақпаратты сатуға болатынын түсінуге мүмкіндік береді, бірақ бұл дұрыс емес. Дегенмен нақты бір балаға немесе бірнеше балаға осы деректердің таралуы қандай да бір зиян келтірді деуге болмайды. Сондықтан бұл жерде мәселе заңнаманы бұзуда болып отыр”, – деді киберқауіпсіздік бойынша маман Евгений Питолин.

Бүлдіршіндердің балаларға арналған тақырыптарға қатты қызығушылығы немесе балалар роликтерін көп көруі – педофилдер мен алаяқтар үшін оңай олжаға айналуы мүмкін. Сондықтан полиция ата-аналарға баланың әлеуметтік желілерде бөлісетін ақпаратын бақылап отыруды ескертеді.

Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің ОМПС бастығы Мәди Рахымбектің айтуынша, көбіне зиянсыз болып көрінетін суреттер, геолокациялар, мектеп атауы немесе серуен уақыты жөніндегі мәліметтерді интернет-алаяқтардан бастап педофилдерге дейін өз пайдасына қолдана алады.

“Жүйені тексеретін адамдар емес, ішіндегі боттар, яғни жасанды интеллект. Бұл шектеулерді қалай айналып өтеді? Мысалы, адамдар тікелей сөздердің орнына бейтарап санаттарды таңдайды. Айталық, “кальян” демей, “түтінді коктейль” дейді. Осындай айлалар арқылы жарнаманы іске қосады”, – дейді таргетолог Искандер Қайранов.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 10:43
Талқылау