Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Дипломдық жұмыстар үшін ақша жинаған”: Ақтөбеде колледж директоры жеңіл жазамен құтылып кетті

Ақтөбе соты дипломдық жұмыс үшін студенттерден ақша жинады деп айыпталған колледж директорына қатысты үкім шығарды. Колледж директоры Гүлбану Такишеваға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындалды. Прокурор 7 жылға абақтыға қамау шарасын қабылдауды сұраған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz (колледж директоры)

ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Гүлбану Такишева Қылмыстық кодекстің 253 “Параға коммерциялық сатып алу” бабының 5-бөлігінің 3, 4-тармақтарымен айыпталды.

11 томнан тұратын іс сотқа 2024 жылдың қыркүйегінде түскен.

Үкім бір тармақ бойынша ғана шықты. Арызданушының мүдделі болуына байланысты судья директордың орынбасарынан іске тіркелген аудионы қабылдамады.

“Қылмыстық кодекстің 253-бабының 4-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 2 жылға мемлекеттік және каммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 44-бабына сәйкес, Такишоваға тағайындалған жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленсін. Жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылсын”, – деді судья.

Заттай дәлелдемелер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен ұсынылған 1 млн 90 мың теңге және директордың орынбасары ұсынған 1 млн 90 мың теңге мемлекет кірісіне аударылады.

Сонымен қатар Такшиеваның үйін тінту кезінде табылған 816 мың теңге ақшаның 500 мың теңгесі негізсіз сатылып алынған мүлік құны есебі ретінде мемлекет кірісіне өндірілетіні нақтыланды. Қалған ақша сотталушыға қайтарылады.

Жарыссөзде прокурор сотталушының іс әрекеті ауыр қылмыстар қатарына жататынын нақтылап, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Колледж директорын сот залынан қамауға алуды ұсынды.

“2024 жылдың наурыз айында Т биыл оқу бітіретін сырттай оқитын түлектерден дипломдық жұмыстары үшін әрқайсысынан 50 мың теңгеден жинау керек екенін айтты. Оның 30 мың теңгесі дипломдық жұмыс жазатын мұғалімдерге, ал 20 мың теңгені оған алып келу керек екені тапсырылған”, – деді прокурор. 

Ал сотталушы және оның қорғаушылары тағылған айыппен келіскен жоқ. Олар дәлелдердің жеткіліксізлігін, куәлар пікірінің әртүрлі болғанын алға тартты. Айыппен келіспейтінін, мәліметтердің жеткіліксіздігін айтып, ақтауды сұраған еді.

“Мен бұл мәселені әлеуметтік желіге саламын. Президент Тоқаевқа үндеу жасаймын. Бұл өтірік менің тарапыма жасалған істің барысында анықталған. Антикор сотқа дейінгі тергеу барысында өрескел кемшіліктер жасады. Оның бәрі айғақпен беріледі. Аяйтын ештеңем жоқ. Үкімге келіспеймін. Ақтығымды дәлелдеймін”, – деді Такишева.

Сотталушы Такишева 51 жаста. Білімі жоғары, бұрын сотталмаған. Ырғыз ауданының тумасы. Оған пробация тәртібін бұзса, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны ескертілді. Жұмыс тапқаны туралы анықтама ұсынса, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбектен босатылады.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде колледж директоры студенттерден пара алды деген күдікпен ұсталғаны айтылды.

Талқылау