Дінмұхамед Қонаевтың жаңа ескерткіші көпшіліктің наразылығын туғызды
Әлеуметтік желілерде Дінмұхамед Қонаевтың жаңа ескерткішінің суреті тарап, мүсіншілер мен оқырмандардың наразылығын тудырды. Олар Алматы облысының Бақанас ауылында орнатылатын монумент сұрықсыз шыққанын, ал оның авторы пропорция сақтай алмаған деп сөкті.
Мүсінге көңілі толмағандардың арасында бірінші болып белгілі мүсінші Олжас Мұхамеди пікір білдірді.
"Тендер мен параға ескерткіш! Қазақстандағы мүсіндер мен ескерткіштер туралы мәселені бұрыннан айтып келе жатырмын. Бірақ көпшіліктің көңілінен шығатын көрінеді, ешкім үндемейді. Мүмкін президент назар аударатын шығар. Онда мен 60 мүсіншілер тобының атынан ұсыныс бергеніме қуанатын едім", - делінген мүсіншінің Facebook-тегі басылымында.
Бұл жазбаны желі қолданушылары жарыса қолдап жатты. Сондай-ақ олар мүсіннің дене пропорциясы сәйкес еместігін атап өтті. Басы кішкентай денесі сорайған деп сипаттады олар.
Алматы облысының әкімдігі Дінмұхамед Қонаевқа ескерткіш орнату өңір бюджетіне еш шығын әкелмегенін, ал оны қаржыландыру тек демеушілер есебінен жүзеге асырылғанын хабарлады.
"2020 жылдың 15 қазанында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнату жөніндегі барлық тиісті құжаттар тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиямен қаралып, мақұлданды. Содан кейін барлық тиісті құжаттар Нұр-сұлтан қаласына Қазақстан Республикасының монументалды өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қарауына жіберілді", - деп хабарлады Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.