Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Діни секталар адамдарды ұйымға қалай тартады – Исламтанушы жауап берді

Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды

Діни секталар адамды ешқашан “дінге кір” деп тікелей шақырмайды. Олар ең алдымен адам психологиясымен жұмыс істеп, “рухани тазаруға” уәде береді. Біртіндеп адамның санасын бақылауға алып, тәуелділік пен қысым арқылы өз ортасына байлап тастайды. Осы орайда Stan.kz исламтанушы және жат ағымның торына түсіп кете жаздаған қазақстандық қызбен сөйлесіп, секталардың өзіне тарту үшін қандай әдіс қолданатынын анықтап көрді. 

“Корей тілін үйренемін деп, сектаға еріп кете жаздадым”  

Қазақстандық қыз жат ағымға қалай абайсызда тап болғанын айтып берді. Оның сөзінше, бәрі қарапайым қызығушылықтан, K-pop пен корей мәдениетіне әуестіктен басталған.

“Кореяға қатты барғым келетін. Бір күні қалада корей тілін үйрететін курс ашылғанын естідім. Кореядан келген профессорлар үйретеді дегенді естіп, алып-ұшып бардым. Жетекшімнің есімі Ким Сон Джун еді. Күнде сабаққа барамын. Апайым Қазақстанға жолдасы, 2 баласымен көшіп келген екен. Сабаққа келген сайын “Корей стандарттарына келесің, әдемісің”, “Кореяға барсаң, кездесуге көп шақырады” деп айтатын. Уақыт өте келе, апайым “үйде корей кешін істейміз. Оқушыларымды жинап, корей тағамдарын дайындап, ойын ойнап, би билейміз” деді. Сосын ол кісілердің үйіне бардым”, – дейді қыз.

Қыздың сөзінше, қызықтың бәрі осы кештен басталған. Себебі корей тілін оқытатын ұстазы тікелей діни ағыммен байланысы болған екен. 

“Жиында апайымның қызы ортаға шығып, қағаздан “Солтүстік Корея” деп оқып, аңырап жылады. Түсінбей, аң-таң болдым. Сосын артынан “Олар үшін дұға етейік” деп қолдарын христианша ұстап дұға етті. Артынша бәрі “Әмин” деді. Ортаға ұлы шығып, гитарасымен “Иисус, қайта оралшы. Біз сені сағындық” деп әндетті. Қайтарда қолыма білезік тақты. Сосын: “жасыл моншақ Адам мен Хауаның жәннатта болғанын, қара моншақ олардың күнәға батқанын білдіреді” деп түсіндірді. Моншақты үйге қайтып бара жатқанда лақтырып жібердім. Кейін корей тілін үйренерсің деп кітап берді. Алайда онда да ағым туралы жазылған екен. Кейін ұстаздарды Кореяға қайтарып жібергенін білдім. Сол кісілердің шәкіртінен сабақ ала бастадым. Қорқып, берген кітабын сол ұстазға беріп қойдым”, – дейді қазақстандық.

“Аты шыққан жұлдыздармен жұмыс істеп, ортасын кеңейтеді”

Ал исламтанушы Бауыржан Есмахан діни ағымға қандай топ тартатынын, қандай адамдар секта құрығына ілінетінін баяндап берді. 

Теологтың сөзінше, сектаға діни жоғары сауаты бар адамдар тартады. 

“Ал діни жоғары сауаты бар адамды оқымаған психолог деп айтсақ болады. Ол Құранның аяттарын, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін өз ағымының мақсаты қандай болса, соған қарай бұрмалайды. Сосын қызықтырып, әдемі қиссалар айтады. Мысалы, араларында мықты кәсіпкер немесе телефон сататын желіде істейтін адам болса, олар өз ағымында жүрген адамдарды жұмысқа тартады. Оларға әлеуметтік жағынан көмек береді. Жұмысқа аламын деп уәде беріп, отбасылық жағдайын, жанұясы туралы мәліметтің бәрін сұрайды. Жат ағым өкілдері адамдарды ортасына осылай тартады”, – дейді исламтанушы Бауыржан Есмахан. 

Сондай-ақ исламтанушы діни ағым өкілдері нақты қандай топтармен жұмыс істейтінін айтты. 

“Жат ағым біріншіден, жастармен жұмыс істейді. Екіншісі, әлеуметтік жағдайы жақсы кәсіпкерлермен. Өйткені, кәсіпкер оларды қаржыландырып отыру үшін қажет. Үшінші, көбіне ауылдан келгендер құрыққа түсіп қалады. Олар колледж, университетте оқып немесе жұмыс істеп жүреді. Ал жат ағым өкілдері оларға жатақхана тауып, пәтер жалдауға көмектеседі. Қала өміріне қалыптастырамыз деп уәде етеді. Кейде қалада жастарға әлімжеттік көрсететіндер болуы мүмкін. Соларға төтеп береміз, біздің жанымызда бауырымыз болып жүрсең, бәріне жауап береміз деп айтады. Төртінші, сектадағы адамдар аты шыққан жұлдыздармен жұмыс істейді. Тікелей жарнама жасамаса да, оларға өз әңгімесін айтқызады. Атын айтып, түсін түстеп қажеті жоқ. Алайда кіріп кеткен жұлдыздар көп”, – дейді исламтанушы. 

Бауыржан Есмаханның айтуынша, қазір исламтанушы, дінтанушы немесе теологиялық білімі болмаса да желіге шығып дін туралы әңгіме айтып жүргендер көп. Жат ағым өкілдері сол арқылы қатарын көбейтеді дейді. 

Исламтанушы Бауыржан Есмаханның айтуынша, сектаға кірген адамды қалыпты өмірге қайтару үшін теологтар бастапқыда 100-150% жұмыс істеу керек дейді. 

“Сектаға кірген тұлғаны жат ағымнан діни білімі жоғары адам шығаруы керек. Теологтар сектаға кірген кісілерге Құранның бұрмаланған нұсқасын, аяттарын дұрыс түсіндіргені абзал. Жат ағымға кірген адамның басында діни идеология қалып қояды. Ол ағымнан шығып кетсе, діннен шығып кеткендей күйде болады. Сауатты теолог, исламтанушы, дінтанушы жұмыс істесе ол адамды қалыпты өмірге қайтаруға болады. Алайда ол үшін үздіксіз жұмыс істеу керек. Басында 100-150% жұмыс істеген жөн”, – дейді исламтанушы. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 10:39
Талқылау