Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дина Таңсәрі Черногориядан саяси баспана алды

Дина Таңсәрі

Фото: Немолчи

“НеМолчиKZ” қорының жетекшісі Динара Смаилова күйеуімен бірге Черногориядан саяси баспана алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан азаматтарының Черногориядан саяси баспана алғаны туралы ерлі-зайыптыға алғашқы күннен бастап қолдау көрсеткен “Азаматтық альянс” ұйымы мәлімдеді.

“Осылайша ұзақ әрі күрделі процедура аяқталып, енді Динара Смаилова мен Алмат Мұхамеджанов өмірлерін қауіпсіз ортада, Черногорияда жалғастыра алады”, – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Қазақстандықтардың босқын мәртебесін алу процесі екі жылға жуық уақытқа созылды.

2024 жылдың сәуірінде Динара Смаиловаға Қазақстанның сұрауы бойынша алты қылмыстық іс бойынша айып тағылып, ол Черногорияда ұсталған еді.

Алайда келесі күні-ақ Подгорица соты Динара Смаилованы босатып, оның төлқұжатын тәркілеп, экстрадиция процесін оның қорғау туралы өтініші қаралғанға дейін тоқтатты. Смаилованың өзі барлық айыптауларды жоққа шығарып, оларды саяси астары бар деп санайды.

Журналистерге берген сұхбатында ол бұл қылмыстық істердің қолдан жасалғанын және оның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресіп жүрген, полицияның бейжайлығын әшкерелейтін қор жұмысына тікелей байланысты екенін айтқан.

Дина Таңсәрі отбасымен бірге Қазақстаннан 2021 жылы кетіп, алдымен Грузияға тұрақтаған, алайда бұл ел 2023 жылы оған кіруге тыйым салғаннан кейін Черногорияға қоныс аударған.

Жергілікті құқық қорғау және әйелдер ұйымдары Смаилованы қайтармауға және оған баспана беруге шақырды. Нәтижесінде оған саяси баспана берілді.

Бұған дейін Бас пркуратура Дина Таңсәрі Черногория билігінен баспана сұратқаны туралы мәлімдеген еді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 08:35
Талқылау
`