"Жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік бергім келеді": Димаш Құдайбергеннің продюсерлік жобасы жарық көреді

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген жанкүйерлерін жағымды жаңалықпен қуантты. 5 ақпанда өнерпаздың “Voice Beyond Horizon” атты продюсерлік жобасының тұсаукесері өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынып, Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірлесіп жүзеге асырылды.
Бағдарламаның түсірілімі толық Қазақстанда өткен. 22 күнге созылған түсірілім барысында халықаралық шығармашылық топ мыңдаған шақырым жол жүріп, Түркістанды, Бозжыраның айбынды көріністері мен Каспий теңізінің жағалауын, табиғаттың інжу-маржандары – Қайыңды және Қобейтуз көлдерін, Саты туристік ауылын, Қапшағай су қоймасын, сондай-ақ Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыған.
Бұл – жоба Димаш Құдайберген үшін ерекше мәнге ие. Өйткені 9 жыл бұрын Hunan TV арнасындағы “Singer” жобасы оның әлемдік аудиторияға шығуына жол ашқан еді.
“Бүгін дәл осы арнада жаңа шоуды іске қоса отырып, мен әлемдік музыка кеңістігінде жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік бергім келеді. Әртүрлі мемлекеттерден келген сегіз вокалистің орындауындағы өнері мен көрермендің эмоциялары арқылы мен Қазақстанды өзім сезінген болмысымен таныстырғым келеді”, – деп жазды ол.
Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген талантты орындаушылар қатысадаы.
“Былтыр қыркүйекте олар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті”, – деп жазды ол.
Өнер иесінің сөзінше, жобаның негізгі екі мақсаты бар. Біріншісі, әлем жұртшылығын еліміздің мәдени кеңістігімен таныстыру болса, екіншісі, болашақта әлемдік деңгейде танылатын жаңа жұлдыздың үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік жасау.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген қытайлық тыңдармандарын таңғалдырғаны хабарланған еді.