Димаш Құдайберген отандық медициналық университеттің құрметті профессоры атанды

Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергенге С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің университет ұжымы және студенттермен кездесу сәті ЖОО-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Димаш Құдайбергенге мәдениетті дамытуға, жастардың рухани тәрбиесіне қосқан үлесі және Қазақстанның халықаралық имиджін ілгерілетудегі еңбегі үшін ҚазҰМУ-дың Құрметті профессоры атағын табыстады.
“Сіздер өте қиын әрі жауапты жолды таңдадыңыздар. Медицина – қателікті кешірмейтін сала. Бұл үздіксіз ізденісті, өз-өзіңе талап қоя білуді қажет етеді. Меніңше, нағыз жұлдыздар - дәрігерлер. Олар күн сайын адам өмірін сақтап қалады”, – деді әнші.
Алайда желі қолданушыларының бір қатары өнер иесіне профессор атағы берілгеніне таңғалып жатыр.
“Оның медицина саласына қандай қатысы бар?”, “Мен Димашты құрметтеймін, бірақ оған профессор атағы не үшін берілді? Оның медицинаға қандай қатысы бар? Бізде атақ дегенді кез келгенге бере беретінін түсіндік, бірақ бұл енді артық қой. Сыйлап, жақсы қарсы алғаны жеткілікті емес пе?”, “Шайға қақалып қалдым, неге? Бізде үнемі осылай аспанды айналдырыпжерге түсіреді”, “Оған бұл атақ не үшін берілгенін түсіндіре аласыздар ма?” деп жазған олар.

Әншіні қолдап жатқандар да бар.
“Құттықтаймын”, “Лайықтысыз”, “Бәрекелді, өте лайықты азамат”, “Оның әндері адамның жанын жазады”, – деп жазып жатыр.
Университет не дейді?
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл университет деңгейіндегі атақ.
“Бұл біздің құрметті қонағымызға арналған университет деңгейіндегі атақ. Мұндай тәжірибелер Батыс университеттерінде де кеңінен қолданылады. Ал ресми профессор атағы мемлекеттік деңгейдегі министрліктің бұйрығымен беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі болып тағайындалғаны хабарланған еді.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады