"Диагнозын дұрыс қоймай, ауруын асқындырып жіберген": Шымкентте көз жұмған 47 жастағы әйелдің өліміне жақындары дәрігерлерді кінәлады

Фото: Жеке архивтен
Шымкентте 47 жастағы әйел ауруханада көз жұмды. Марқұмның жақындары Айгүл Оспанованың өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Бәрі де диагнозды дұрыс қоймағаннан басталды дейді қара жамылған отбасы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сөздерінше, анализін сұрап барған науқасқа ақ халаттылар немқұрайлы қараған. Кесірінен жатырынан қан кетіп, ішінің бәрі іріңдеп кеткен екен. Ақыры ауруханаға жеткізілген үш баланың анасы көз жұмды.
10 күн бұрын қызын жер қойнына тапсынған Құрбанкүл Мұқатаеваның перзентімнің ажалы дәрігерлердің былығынан болды дейді. Сөзінше қаладағы 6-емханаға барған әйелге бастапқыда дұрыс диагноз қоймаған. Анализдің өзін ала алмады деген жақындары ақыры жағдайының ауырлап кеткенін айтады.
"Онкологияға барып, ота жасатқаннан кейін гестологиясын Алматыға жіберіп, қатерлі ісік еместігін білді. Шегрен деген ауруға күдік деген жауап келді. Ол ауруды 6-емхана емдеуі керек еді әрі қарай. Бірақ, ол емханаға барғанда аяғындағы тромбына да, денесіндегі қызуына да қарамаған. Ол аздай жатырынан да қан кететін. Оның бәріне дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған. МРТ-ға да түсірмеген. КТ-ға да сұраған кезде оған да түсірмеген. Анализ сұрап, аяғының ісіп тұрғанын айтқанда оны да ашып қарамаған", – дейді Нұргүл Оспанова.
Қазақстандық әйел тісін емдеткеннен кейін көз жұмған: Стоматолог жазаға тартылмады
Айгүлдің жақындары әйелдің мойнына әуелі түсініксіз ісік шыққанын айтады. Оны медицина мамандары қатерлі ісік деп окологияға жіберген дейді. Бірақ онысы тері асты бездері болып шығыпты. Алайда, бұл диагнозды марқұм ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенде бір-ақ білген дейді қаралы отбасы.
"Соңында жедел-жәрдеммен ауруханаға алып бардық. Әпкем бір сәтте арықтап кетті. Жүруге шамасы келмей, арбаға отырғызып жеткіздік. Демалуы да нашарлап кеткен еді. Сол жердегі кезекші дәрігер әпкемнің күйін көріп шошыды. Терісінде қара дақ қаптап, алақаны инемен тескендей ағарып, тілінде сау жер жоқ қанап, аяғы ісіп жарылардай тұрғанын көріп осы күнге дейін қалай шыдағанына таң қалды. Бір көрген ауруханадағы кезекші дәрігер шегрен деген ауруға анализ тапсыруды сұрады. Бірақ, ол кезде кеш еді. Әпкем 21 күн жатып, сол ауруханада көз жұмды", – дейді марқұмның сіңлісі.
Айгүлдің жақындары емхана қызметкерлерінің жауапқа тартылуын талап етеді. Сөздерінше Шымкенттегі 6 емхана басшылығы кешірім сұрап бірнеше рет келген. Алайда кешірім бермейміз деген отбасы оларды енді сотқа бермек.
“20-ақпанда науқас №2 қалалық көпбейінді ауруханаға ауыр жағдайда шұғыл түрде жатқызылды. Кеуде қуысының КТ нәтижесінде өкпеде қабыну үдерісі анықталып, клиникалық хаттамаларға сәйкес кешенді ем жүргізілді. Диагностикалық тексерулер барысында диагнозы қойылды. Жағдайының нашарлауына байланысты реанимациялық және қарқынды терапия толық көлемде көрсетілді”, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Келіншек көзі тірісінде Шымкентке белгілі тігінші болған екен. Тіпті Танымал өнер иелеріне түрлі киім тігіп нәпақа тапқан екені. Марқұмның артында жолдасы мен үщ перзенті қалды. Кенжесі 10-сынып оқушысы.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әйел перзентханада көз жұмғаны туралы жазған едік. Марқұмның туыстарының айтуынша, дәрігерлер әйелді "40 мың төлемегенсің" деп қайтарып жіберген көрінеді. Сәбиін дүниеге әкелген Салтанат Нышанбай жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Марқұмның туыстары дәрігерлер науқасты босанғанға дейін де, кейін де дұрыс қарамай, салғырттық танытты деп отыр. Әйелдің артында 5 жасар қызы мен 1 айлық сәбиі қалды. Артынша денсаулық сақтау министрлігі Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына қатысты жоспардан тыс тексеру бастағанын жазғанбыз.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды