"Диагнозын анықтай алмай, антибиотиктер берді": Қызылордада екі жасар қыздың көзі көрмей қалғанына ата-анасы дәрігерлерді кінәлайды
Қызылордада дәрігерлердің емінен соң екі жасар қыздың көзі көрмей қалған. Ата-анасы бұған екі жыл бойы дертін таппаса да, бүлдіршінге түрлі дәрі-дәрмек берген ақ халаттыларды кінәлайды. Айтуларынша, медицина мамандары қызуы көтеріліп барған нәрестеге әу баста салғырт қарап, ауруын асқындырып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Екі жастан енді асқан Ая Исатайдың қазіргі жағдайы алаңдатарлық. Төсекке таңылған бүлдіршін өз еркімен жүріп-тұра алмайды. Тіпті өзге балалар секілді былдырлап сөйлемейді. Өкініштісі, қос жанары мүлдем көрмей қалған.
Дүниеге сау келген нәресте екі аптадан кейін өзін жайсыз сезінген. Әжесі содан бері немеремді алып бармаған жер, баспаған тауым қалмады дейді. Айтуынша Қызылорда, Алматы, Астанадағы аурухана дәрігерлері бірнеше рет тексеріп, нақты диагнозын таппаған. Оның үстіне ағзаға кері әсері бар түрлі антибиотик берді деп отыр. Жақындары бүлдіршіннің қос жанарынан айырылып, қазіргі күйге түсуіне ақ халаттылардың біліксіздігі себеп болды деп санайды.
“Сау туған баланың бірінші КТ-сы оқылмай қалды, екінші дұрыс диагноз қойылмады. Барлық антибиотикті салғаннан баланың екі көзі көрмейді. Бұған дәрігерлер кінәлі. Қызылорда қаласының дәрігерлері КТ-ны түсіріп дер кезінде оқымаған. Әрі қарай ешқандай диагноз таппай, тексеріс жүргізбеген Астана мамандарының да кінәсі бар”, – деді Ая Исатайдың әжесі Рая Мәмбетәлиева.
Қызылордалық дәрігерлер Ая Исатайға жақында сал ауруы деген диагноз қойыпты. Бүлдіршіннің миында ақау болған дейді. Бірақ дерттің қалай, неден асқынғанын әлі де дөп басып айта алмай отыр.
“Баланың анасының құрсағында жатқанында анасының түрлі ауруларына байланысты немесе баланың туылуы кезіндегі травмалық жағдайлардан болуы мүмкін. Одан бөлек кішкентай кезіндегі инфекциялық аурулары да бұл салдануға әкелуі мүмкін. Бала бізге 2 жас үш айдан асқанда келіп жатқан. Ол кезде салданғаны айқын көрініп тұрды”, – деді Қызылорда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Алтынай Жұмаділова.
Аяның ата-анасы ақ халаттылардың үстінен арыз жазбақ. Енді олар қызын Өзбекстандағы клиникаларға апарып жүр екен.